Әлем

Мемлекет басшысы ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайянды қабылдады

БАӘ, Дубай қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаев Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында ACWA Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайянмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында компанияның Қазақстанмен өзара ықпалдастығын одан әрі нығайтудың негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу перспективалары қарастырылды. Бұл нысанға 1,8 миллиард доллар көлемінде инвестиция құю көзделіп отыр.

Мұхаммед Абунайян компанияның Қазақстандағы үлесін кеңейтуге және жасыл энергетика секторында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бастама Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы болу ниетіне сай келеді.

Мемлекет басшысы компанияның қызметі мен ауқымды жобаларын, атап айтқанда, құны 4,6 миллиард доллар болатын Дубайдағы «Noor Energy 1» күн электр станциясының құрылысын жоғары бағалады. Бұл әлемдегі ең ірі нысан саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button