Саясат

«Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш» тасжолдарын реконструкциялауды сапалы аяқтау қажет – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың CITIC Construction компаниясының бірінші вице-президенті Ян Цзяньцянмен кездесуі барысында «Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш» республикалық автожолдарын күрделі жөндеу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Рrimeminister.kz сайты хабарлайды.

Үкімет басшысы аталған ірі жобалардың уақтылы аяқталуын және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Келесі маусымдағы жұмыстар үшін жол-құрылыс материалдарын, оның ішінде қиыршық тас пен битумды алдын ала дайындау қажет. Қосалқы мердігерлік ұйымдар да осындай жұмыс жүргізуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарды қыста күтіп ұстау жұмыстарын бақылауға алу қажеттігіне де тоқталды.

Кездесу барысында CITIC Construction компаниясының Қазақстан аумағындағы басқа да автожол жобаларына қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ компанияның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы инвестициялық жобаларды іске қосу бастамалары талқыланды.

Орталық мемлекеттік органдар тарапынан тиісті жобаларды пысықтауда қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button