Қазақстанда көліксіз жасалған техникалық байқау үшін айыппұлды 10 АЕК-тен 150-ге дейін көтеру жоспарлануда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды. Осы мәселе бойынша ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев, көлік министрінің міндетін атқарушы Талғат Ластаев, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.

Марат Қожаевтың сөзінше, биыл жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштері төмендеген: жол-көлік оқиғалары 13%-ға, жарақат алғандар 16%-ға, қаза тапқандар саны 1%-ға азайған. Десе де жолдағы апаттар деңгейі Алматы қаласы мен Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында әлі де жоғары. Негізгі себептердің бірі – жолдар мен инфрақұрылымның жағдайы. Статистика бойынша елді мекендерге жол-көлік оқиғаларының 73% келеді. Бұл ретте, адам шығынымен болған апаттардың төрттен бір бөлігі жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты.

«Реттелмейтін өткелдерде зардаптары ауыр жол-көлік оқиғалары 5 есе жиі болады. Елімізде тек 250 жер үсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері бар. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында мүлдем жоқ. Бүгінде 1 мыңнан астам бағдаршам; 1,5 мың «кері санақ» таблосы; 25 мың жол белгісі; 1 млн шақырымнан астам жол таңбалары қажет», — деп атап өтті Марат Қожаев.

Қала сыртындағы жолдардағы жағдай күрделі. Ауыр апаттардың басым бөлігі және адам қазасы болатын оқиғалардың 50% осы жолдарда болады. Бұл деңгей Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында одан да жоғары.

«Соңғы жылдары заманауи магистральдар салынуда. Бұл жол қауіпсіздігіне әсер етеді. Мәселен, 15 жыл бұрын жолда 4 мыңнан астам адам қаза болатын, қазір 2 есеге азайды. Бұл жұмысты жалғастыру керек», — деді Марат Қожаев.

Қазір бірінші санаттағы, төрт және одан да көп жолақтары бар жолдар, тек 2%-ды құрайды. Қалғаны ескі стандарттар бойынша салынған. Олар екі жолақты, ені 7 метрден аспайды. 6 мың шақырымнан астам жолды екінші және үшінші санаттардан бірінші санатқа ауыстыруды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ қала маңындағы трассалардың түзу сызықты учаскелерінде «орташа жылдамдықты» асырғаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылады.

Тағы бір мәселе — заңсыз тасымалдаушылар. Көбіне олар пайда табу үшін тоқтаусыз, ұйқысыз және демалыссыз аймақтар арасында жүреді. Олар пайдаланатын автокөліктер қауіпті, ал жүргізушілер жолаушыларды тасымалдау ережелерінің талаптарын орындамайды.

«Осыған байланысты, интернет-агрегаторларды пайдаланатын жеке такси жүргізушілерін рейс алдындағы медициналық және күнделікті автокөлікті тексеруге, жылына 2 рет техникалық байқау өтуге міндеттеу ұсынылады. Сондай-ақ жүргізушінің рульде 8 сағаттан артық болмауын қарастыру керек», — деп ұсынды М. Қожаев.

Жолдағы апаттардың тағы бір себебі — көлік паркінің қарқынды өсуі. Соңғы 5 жылда еліміздің автокөлік паркі төрттен бір бөлікке өсті. Бұл ретте, автокөліктердің жартысының пайдалану мерзімі 20 жылдан асады. Сондай-ақ автокөліктің техникалық жағдайына тиісті бақылау қамтамасыз етілмейді.

«Тексеру орталықтары коммерциялық пайда қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жыл басынан бері жөнделмеген, ақауы бар автокөлікті басқарғаны үшін 7,5 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты техникалық байқау станциясы операторларының жауапкершілігін күшейту керек; лицензиялауды енгізу қажет. Осы факторлардың барлығы көлік дисциплинасының болмауынан нашарлайды. 5,5 млн-нан астам жол ережесін бұзғандар анықталды. 15 мыңға жуық «мас» жүргізуші ұсталды.  Сот арқылы 9 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. 15 мың адам әкімшілік қамауға алынды. 215 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды», — деп мәлімдеді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, бұл жағдайға автомектептерге қойылатын талаптардың төмендеуі және жүргізушілерді даярлау сапасы ықпал етті. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі емтихандарды қабылдау ережелеріне түзетулер енгізді. Бұл процедураны ашық етіп жасады. Енді емтихан тапсыру процесі онлайн трансляция арқылы бақыланады. «Автомектеп» ақпараттық жүйесінде білім алушыларды міндетті тіркеу нормасы енгізілді. Осылайша, тізімдерді түзету мүмкіндігі алынып тасталады.

«Қазір түзетулердің екінші пакеті әзірленді. Дайындық курстарын аяқтау туралы куәліктерді және медициналық анықтамаларды электрондық нысанға көшіру жоспарлануда. Сонымен қатар жүргізушілердің өзін-өзі даярлаудан бас тарту мәселесі пысықталуда. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдер енгізілуде. Қазір жолдарда жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейтін 22 мың камера бар.  Олар барлық бұзушылықтың 50%- ын тіркейді», — деді Марат Қожаев.

Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70%-ға жеткізілді. Алайда, еліміздің көлемінде олардың саны өте жеткіліксіз.  Ұлытау мен Жетісуда барлығы 29 камерадан бар. Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында камера саны 150-ден аз.

ІІМ «Қорғау» бағдарламасы арқылы өрескел құқық бұзушылармен де арнайы жұмыс жүргізеді. Бұл жалған нөмірлері бар, сақтандырусыз, іздеуде жүрген немесе жол ережесін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемейтін автокөліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен жалған нөмірлерді қолданудың 1,5 мың дерегі анықталды. Жүргізуші куәлігінен айырылған 6 мың жүргізуші анықталды. 8,5 мың мемлекеттік нөмір тәркіленді, 29 мың автокөлік айыппұл тұрағына алынды.

Марат Қожаев өңірлердің әкімдеріне автоматты тіркеу камераларының, оның ішінде «Қорғау» жүйесіне қосылған камералардың желісін кеңейтуді ұсынды.

Тағы бір мәселе — электрлі самокаттар мен мопедтер. Жолдарда олардың саны айтарлықтай көбейді. Тек соңғы екі күнде мопедистердің кінәсінен 3 адам қаза тапты. Осыған байланысты, ағымдағы жылғы 30 тамызда Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп әзірленген заң жобасы қабылданды. Онда электрлі самокат ұғымы, жүріп-тұру ережелері, сондай-ақ олардың жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері бекітілген. Бұл шаралар олардың жүрісін реттеуге мүмкіндік берді, ал полицияда ықпал етудің нақты тетіктері пайда болды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың қыркүйек айында ғана самокат жүргізушілері тарапынан 1,7 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың жүріс бөлігінде электрлі самокаттарды басқарудың 562 дерегі анықталды.

«Бұл мәселені тек полиция әдістерімен шешу мүмкін емес. Әкімдіктер тарапынан инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қажет: бөлінген жолақтарды жайластыру; жеке веложолдар салу; электрлі самокаттардың қозғалысына тыйым салынған аймақтарға бөлу керек», — деп қорытындылай келе Марат Қожаев Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасында көзделген бастамаларды қолдауды сұрады.

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Ол жерде барлық құзырлы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің ортақ жауапкершілігі қарастырылған. Жалпы аталған шараларды іске асыру жол жүрісіне қатысушылар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің жолдарындағы апаттылықты азайтуға мүмкіндік береді.

Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралар туралы көлік министрінің міндетін атқарушы Талғат Ластаев баяндады. Жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында авариялық қауіпті учаскелерде 5 мың шаршы метрден астам арнайы жолақтар, 450-ге жуық жарық диодты белгі мен кедергілерге соқтығыспау үшін 500 жол буфері орнатылды. Техникалық параметрлер бойынша авариялық қауіпті учаскелерді болдырмау мақсатында транзиттік дәліздерді реконструкциялау жүргізілуде. Қарсы соқтығысуды азайту үшін қозғалыстың қарсы ағынын бөле отырып, жолдарды I техникалық санатқа ауыстыру арқылы 3 мың шақырым жол реконструкциялаудан өтті. Жаяу жүргіншілерді соғуды азайту үшін қалаларды айналып өтетін 52 айналма жол және жаяу жүргіншілерге 32 жер үсті көпірі салынды. Жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасын азайту үшін шамамен 1,5 мың шақырым қоршау, сондай-ақ 113 мал айдау өткелі орнатылды. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі мен ақы алу жүйесін кезең-кезеңімен интеграциялау жүргізілуде және қазіргі уақытта ұзындығы 1700  шақырым болатын 8 учаскеде жылдамдық режимін бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Нормативтік құжаттарды жетілдіру шеңберінде 2023 жылдың соңына дейін бір мыңнан астам салалық нормативтік құжаттар өзектендірілетін болады, оның ішінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне байланысты құжаттар бар. Айналма жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жолдың бөлек құрылысы жөніндегі мәселе нормативтік тұрғыдан бекітілді, бұл іске асырылып жатқан жобаларда уақытша айналма жолдардағы жол-көлік оқиғаларын азайтуға мүмкіндік береді. Алғашқы пилоттық жобалар ретінде Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын және Қарағанды-Жезқазған жобалары болады, олар бойынша қазір жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Алдағы уақытта, қозғалыс қарқындылығына қарамастан, қалалар арасында 4 жолақты қозғалысы бар 4 мың шақырымнан астам жол салу жоспарланған», — деді Көлік министрлігінің өкілі.

Бүгінгі таңда Халықаралық қаржы институттары қарыздары шеңберінде «EuroRAP» консультанттары көмегімен жол қауіпсіздігін бағалау жүргізілуде. Балқаш-Бурылбайтал және Қызылорда-Жезқазған учаскелерін реконструкциялау жобаларында жол қауіпсіздігіне бағалау жүргізу көзделген. Болашақта бұл жұмыстарды басқа жобаларда да жүргізілетін болады. Жылдың соңына дейін ұзындығы 2 300 шақырым болатын 10 учаскеде жүйе әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен интеграцияланады, бұл жылдамдықты асыруға байланысты жол-көлік оқиғаларын азайтуға мүмкіндік береді.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін көлік құралдарының жай-күйін анықтайтын техникалық бвйқау орталықтарының жұмысын назарға алып, барлығы тіркелген 958 техникалық байқау операторларының заң талаптарына сәйкес келмейтін 350 оператордың қызметі тоқтатылып, 131 әкімшілік материалдар рәсімделіп, айыппұл салынды. Көлік құралынсыз техникалық байқауды өткізгені үшін техникалық байқау операторларына қатысты айыппұлды 10 айлық есептік көрсеткіштен 150-ге дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар көлік құралдарының иелеріне қатысты жалған техникалық байқаудан өткені үшін және «Техникалық байқау» бірыңғай ақпараттық жүйесі операторына Техникалық байқауды ұйымдастыру және өткізу ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар салу енгізілетін болады», — деп мәлімдеді баяндамашы.

Сондай-ақ Талғат Ластаев бірлескен іс-қимылдарды қабылдауды талап ететін бірқатар мәселені атап өтті:

Бірінші. Жол-көлік оқиғасы кезінде «Алтын сағат» деп аталатын алғашқы медициналық көмек көрсету маңызды болып табылады. Республикалық жолдарда 40 трассалық медициналық-құтқару пункттері бар, олар оқиға кезінде алғашқы медициналық жедел көмек көрсету бөлігінде өздерінің тиімділігін көрсетті. Жол қозғалысы қарқындылығының артуын ескере отырып, трассалық пункттерді одан әрі дамыту қажет.

Екінші. Жолдарда иесіз мал жайғаны үшін үй жануарларының иелеріне қатысты жүйелі шаралар қабылдау қажет. Күн сайын жануарлармен соқтығысу себебінен жол-көлік оқиғаларының саны өсуде. Әкімшіліктер мал жаю ережелері бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет.

Үшінші. Жолдарды ұялы және интернет байланысымен қамту, бұл жол пайдаланушыларға қолайлы, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы кезінде жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Пилоттық режимде Қызылорда-Жезқазған учаскесін реконструкциялауда талшықты оптикалық байланыс желісі орнату көзделген.

Әріптесінің сөзін жалғастыра келе, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов трассалық медициналық-құтқару пунктілерінің тиімділігі жөнінде баяндама жасады. Ел бойынша 40 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Олардың жауапкершілік аймағы орналасқан жерінен радиусы 50 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылдың 8 айында осы пункттердің күшімен жол-көлік оқиғаларына 884 шығу жасалды, 1 127 азаматқа көмек көрсетіліп, 81 жарақат алған адам ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ пункттер жақын маңдағы елді мекендердегі азаматтарға медициналық көмек көрсетеді. Жыл басынан бері 660 азаматқа жәрдем беріліп, оның 116-сы ауруханаға жатқызылды.

2011 жылдан бастап елде көлік инфрақұрылымы айтарлықтай дамығаны және де жолдардағы көлік көбейгені мәлім. Соның себебінде трассалық медициналық-құтқару пунктілері жолдағы қауіпті учаскелерді толық қамтымайтыны байқалуда.

«Министрлік «алтын сағат» ішінде жедел әрекет етуді қамтамасыз ету және жол апатынан қаза тапқандар санын төмендету үшін Ақтөбе, Атыраужәне Жамбыл облыстарында 4 пункт құру жоспарланған. Күн райының нашарлауына байланысты автожолдарда қозғалыс шектелген кезде ТЖМ байланыс құралдарын пайдаланып, көлік ұйымдарын, автовокзалдар мен халықты жедел түрде хабардар етеді. Былтыр 1 568-ден астам дауылды ескерту жарияланды, республикалық жолдар 642 рет, облыстық жолдар 623 рет жабылды. Құзырлы кезекші қызметтермен ақпарат алмасу тәулік бойы жүргізіледі», — деп баяндады министр.

Мысалы, өткен қыста құтқару бөлімшелері 2 мыңнан астам адамды құтқарды және 2,5  мыңға жуық адамды эвакуациялап, 575 бірлік техниканы шығарды. Алдағы қыс мезгілінде туындайтын төтенше жағдайларды жоюға арналған «Қыс-2023» республикалық командалық оқу-жаттығу өткізіледі. Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарау үшін Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссиясының отырысы өткізіледі.

Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы жол-көлік оқиғалары 6,6%-ға, қаза болғандар 9,6%-ға, жарақат алғандар 8,6%-ға өскен. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – «адами» факторлар, яғни жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу және жол белгілері талаптарын сақтамау салдарынан болады. Сондай-ақ апатқа әсер ететін себептердің бірі – жолдардың жағдайы мен оның инфрақұрылымы.

«Бұл бағытта жергілікті атқарушы орган тарапынан қажетті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар жолдардың қанағатты жағдайдағы үлесі 2023 жылдың басына 92% құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 95%-ға жеткізу жоспарлануда. Жолдардың инфрақұрылымы бойынша әлеуметтік нысандардың жанына биыл 37 жерге жасанды жол кедергілері қойылып, 3 мыңнан астам жаяу жүргіншілер жолағы сызылған. Былтыр Түркістан қаласында 26 жол қиылысына және 43 желілік учаскелеріне, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға 40 желілік учаскілеріне аппараттық бағдарламалық кешендері орнатылды», — деп атап өтті өңір әкімі.

Қазіргі таңда облыс жолдарында ең қауіпті жол учаскелері анықталып, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын бейнебақылау камераларының саны 138 данадан 203-ке дейін жеткізілді. Жылдың соңына дейін тағы 63 «Мерген» кешенін орнату жоспарланған. Сондай-ақ аталған учаскелерде жеке құрамының қатысуымен тұрақты түрде «нүктелік» профилактикалық шаралар жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай шаралар 37 рет атқарылды, сондай-ақ ағымдағы жылдың маусым айында облыс көлемінде «Жол-көлік оқиғасыз бір ай» іс-шарасы өткізілді.

Десе де атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, бұл бағытта бірқатар өзекті мәселелер бар. Облыс бойынша патрульдік полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігі байқалуда. Жеке құрамдағы қызметкерлердің штаты 466 бірлікті құрап, тиісті нормадан 3 есе төмен болып тұр. Қосымша қажеттілік 893 бірлікті құрап отыр. Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі өзекті.

«Қызметтік автокөліктер, планшеттер, видеожетондар секілді құралдардың жетіспеушілігі бар. Сонымен қатар Шымкент, Түркістан және Сарыағаш қалаларының айналма автожолдарын салу мәселесі өңіріміз үшін маңызды болып тұр. Оның ішінде, Сарыағаш қаласының айналма автожолын салу келесі жылға жоспарланып отыр. Мысалы, А-15 Сарыағаш – Жетісай автожолында қозғалыстың жобалық қарқындылығы тәулігіне 3 мың автокөлікті құраса, нақты бұл жолмен тәулігіне 20 мыңнан астам автокөлік өтуде. Бұл, өз кезегінде, жол-көлік оқиғаларының санына кері әсерін тигізуде», — деді әкім.

Ал айналма автожолдар «транзиттік» көлік ағындарын жергілікті көліктерден бөлуге және апатты жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік беретін болады.