ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында стихиялық қоқыстарды жою шаралары қаралды. Мәселеге қатысты экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы ғарыштық мониторинг мәліметтері бойынша 2022 жылы анықталған заңсыз қоқыс орындары толығымен жойылмағанын, қоқыстардың жойылған бөлігі 77%-ды құрайтынын айтты. Оның айтуынша, қоқыс орындарының ең көп саны Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласында анықталған, Ақмола облысы бойынша – 830 (оның 88% жойылды), Қарағанды облысында – 745 (оның 99% жойылды). Қоқыс орындарын жою жұмыстары Абай (10 %), Ұлытау (15 %) облыстарында және Астана қаласында нашар жүргізіліп отыр.
2023 жылдың мамыр айынан бері 5578 қоқыс орны анықталып, бүгінде оның 50%-ы (2794 нысаны) ғана жойылды. Сондай-ақ қоқыстарды жою бойынша Абай және Маңғыстау облыстарында – 16%, Ұлытау облысында – 20%, Астана қаласында – 30%-ды құрады, аталған елді мекендерде жұмыс деңгейінің төмен екені байқалды. Өткен бейсенбіде жою деңгейі 44%-ды (2475 нысан) құрап, қысқа мерзімде (3 күн) 330-ға (6%) жуық заңсыз қоқыстар жойылған.
«Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуының негізгі себептері – коммуналдық және құрылыс қалдықтарымен дұрыс жұмыс істемеу. Бұл әкімдіктер тарапынан жұмыс деңгейінің, сондай-ақ қалдықтарды шығарушылар тарапынан құрылыс қалдықтарын басқару жөніндегі талаптардың сақталуын бақылаудың төмендігін көрсетеді», — деп атап өтті экология және табиғи ресурстар министрі.
Экология министрлігі заңсыз қоқыс орындары пайда болуының алдын алу үшін заңнамалық деңгейде бірқатар шаралар қабылдады:
- қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілері үшін лицензиялау және хабарлама тәртібі енгізілді;
- фракциялар бойынша қалдықтарды бөліп жинау міндеттері қосылды;
- жеке тұлғалардың қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткіштен 50 АЕК-ке дейін өсті.
Әкімдіктердің осы салада инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде жер телімдерін беру, инфрақұрылымды қосу (сумен қамтамасыз ету және суды бұру, электрмен жабдықтау) іс-шаралары мен экономикалық инструменттерді әзірлеу, бизнес субъектілеріне преференция беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу сияқты қажетті құзыреттері бар.
«Экология Министрлігінің GPS датчиктерінің көмегімен қоқыс шығаратын техниканың қозғалысын көрсету бойынша ақпараттық жүйесін пайдалануға беру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді, келесі жылы өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарлануда. Мысалы, Шымкент қаласы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды, нақты уақыт режимінде 42 қоқыс шығаратын көлік құралының қалдықтарды жинау орнынан оны қоқыс алаңына апарғанға дейінгі қозғалысы бақыланады», — деп мәлімдеді Ерлан Нысанбаев.
Осыған орай, әкімдіктер қоқыс шығарумен айналысатын ұйымдарды ақпараттық жүйе жұмысына қосуды қамтамасыз етулері қажет.
Бұдан басқа, Экология министрлігі ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, қалдықтарды заңсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі бірлескен бұйрық әзірледі, оның шеңберінде бірлескен мобильдік топтар қалдықтарды заңсыз тасымалдау фактілерін анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізеді. 2023 жылы 63 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оның айтуынша, заңсыз қоқыс орындарының пайда болу себебінің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының заңдастырылмауы. Осыған байланысты 50 мыңға дейін адамы бар елді мекен үшін техникалық–экономикалық негіздемені қажет етпейтін жаңа полигон салу бойынша мәселе шешілді. Бұл бюджет қаражатын үнемдеп, қатты тұрмыстық қалдықтар құрылысының мерзімін қысқартады.
Сонымен қатар бұл шаралардың жеткіліксіз екендігін түсіне отырып, Экология министрлігі келесі мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіп келеді:
- бүгінгі күні ғарыштық мониторинг қамту алаңы 39 елді мекенді қамтиды, бұл ел деңгейіндегі бейберекет қоқыс бойынша толық жағдайды көрсетпейді. Сондықтан 2024 жылы ғарыштық мониторингті қолдану арқылы елді мекендерді қамту алқабын ұлғайту мәселелері бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді;
- «Е-құрылыс» жүйесі арқылы бақылау жолымен құрылыс қалдықтарының қозғалысын қадағалауды күшейту;
- құрылыс қалдықтарын қайта пайдалану бойынша ұлттық стандарттарды әзірлеу;
- ІІМ-не қалдықтарды рұқсатсыз төгуді қайталап жасаған бұзушылықтар үшін көлік құралдарын тәркілеу құзыретін беру;
«Е-құрылыс» жүйесі арқылы қоқыстардың пайда болу көлемі мен арнайы кәсіпорындармен шартының болуы қадағаланады. Бұл жүйені Экология министрлігінің қоқыс тасушы көліктерді бақылау бойынша ақпараттық жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр.
«Қалдықтарды басқару аясының салалық ассоциацияларымен кездесулерде әкімдіктер жұмысының төмен деңгейі мен аймақтарды материалды-техникалық жабдықтау қажеттілігі атап өтіледі. Біздің ведомстволық бағынысты ұйымымызбен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді және ҚР экологиялық заңнамасына тиісті түзетулер қабылдауды жоспарлап отырмыз. Ведомстволық бағынысты ұйым әкімдіктерге инфрақұрылымға қажеттілік бойынша сұрау салғанын атап өткім келеді, алайда барлық әкімдіктер сапалы мәліметтер ұсынбаған», — деді министр.
Ұсынылған мәліметтерді талдау бойынша шамамен 38 млрд теңгеге (Астана және Шымкент қалалары, Алматы және Қостанай облыстарында) қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі бірнеше жобадан тұратын пул дайындалған.
Салалық заңнамаға түзетулер енгізу белгісіз мерзімге созылуы мүмкін екенін ескере отырып, қоршаған ортаға кәдеге жарату төлемдеріне басымдық беру мақсатында Үкімет қаулысымен жеңілдіктер беру арқылы автонесиеге ұқсас тетіктерді қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Саланы дамыту үшін жергілікті елді мекендердегі барлық жағдайды түсіну үшін ондағы түйткілді мәселелер мен перспективаларды қоса алып қарастыру қажет. Ол үшін әкімдіктер:
- біріншіден, пайда болып жатқан қалдықтардың көлемі мен оның өсу үдерісін, тұрмыстық қалдықтардың құрамын, бар инфрақұрылым мен оның қажет екендігін көрсететін тұрмыстық қалдықтарды басқару бағдарламаларын қабылдау керек. Бұл бағдарлама инвесторларға аймақтардың шамасын бағалауға мүмкіндік береді. Жұмысты жеңілдету үшін Экология министрлігінде Бағдарламаларды әзірлеу бойынша әдістемелік ұсыныстар бекітілген. Аталған Бағдарлама қазіргі уақытта тек Ақтөбе қаласында ғана бекітілген. Бірақ, оның дайындалу сапасына назар аударсақ, құжатта Ақтөбе қаласы емес, Орал қаласының атауы көрсетілген;
- екіншіден, әкімдіктер үш жылдық кезеңге экологиялық төлемдер шығынын жобалап отырған Қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары жоспарларының сапасына мән беру керек. Қазіргі таңда әкімдіктер заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша іс-шараларды жоспарлайды да, олардың пайда болуына жол бермеу іс-шараларын жоспарламайды.
«Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуы, оны жою және оған жол бермеу мәселелерінің шешімі барлық мүдделі тараптарды, оның ішінде, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып, түбегейлі әрі батыл әрекет етуді талап етеді. Сонымен қатар әкімдіктер заңсыз қоқыс орындарын шұғыл анықтап, шоғырландырылған шешім қабылдау үшін қоғамдық ұйымдар және экобелсенділермен тығыз ынтымақтастықты орнықтыру керек», — деді ол.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі саланы үйлестіру және әкімдіктермен өзара әрекеттесу бағытындағы жұмысын одан әрі жалғастыра береді.
Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Н. Ноғаев өңірдегі рұқсат етілмеген қоқыс үйінделері туралы баяндады. Оның келтірген ақпаратына сүйенсек, Маңғыстау облысы бойынша 2023 жылдың мамыр айынан бері 111 рұқсат етілмеген қоқыс үйінделері анықталып, олардың 40 нысаны жойылған, жұмыстың 36%-ы орындалды. Бекітілген кестеге сәйкес қоқыс үйінділері осы жылдың 30 қарашасына дейін толығымен жойылады.
«Маңғыстау облысы әкімдігінің пәрменімен 2023-2026 жылдарға арналған Маңғыстау облысында қалдықтарды кәдеге жарату және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен Шетпе ауылындағы карьерлерді жою бойынша арнайы бағдарлама жасақталып жатыр. Арнайы бағдарламадағы шаралардың орындалуы 3,9 млрд көлеміндегі қаражатты қажет етеді», — деді өңір әкімі.
Оның мәліметінше, арнайы бағдарламаны жүзеге асыру барысында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту, сонымен қатар коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту, контейнерлермен қамтамасыз ету, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 4 полигон құрылысын жүргізу және тұрғындарға өндіріс мекемелерінің басшыларына, қызметкерлеріне түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыс аумағында 51 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталғанын, бекітілген кестеге сәйкес жұмыс 2023 жылдың 30 қазанына дейінгі мерзімде жүргізілетінін айтты.
Сонымен қатар 2023 жылдың 31 тамызында «Ғарыш Сапары» геопорталындағы деректер жаңартылып, нәтижесінде қоқыс үйінділерінің саны 358-ге дейін артты.
Бүгінгі таңда, 358 нысанның ішінен 30 учаске санкцияланған қоқыс үйіндісі ретінде анықталып, 104 қоқыс үйіндісі жойылды, 224-не жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңартылған мәліметтерге сәйкес қоқыстарды жою жұмысына қосымша ақшалай қаражат бөлінген, бүгінде жұмыстар жалғасып жатыр және биылғы қазан айының соңына дейін аяқталады.