Гонконгте Қазақстанның сауда мүмкіндіктері таныстырылды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2023 жылғы 13 қыркүйекте Гонконгте өткен VIII «Бір белдеу – бір жол» саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.

Кедергісіз сауда, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық – «Бір белдеу – бір жол» бастамасының басты міндеті. Бүгінгі таңда бастамаға белдеу бойында орналасқан 150 ел және 32-ден астам халықаралық ұйым қосылды.

«Қытай – Қазақстанның екінші ірі серіктесі, 2022 жылы тауар айналымының көлемі $24,1 млрд болды. Арнайы экономикалық аймақпен сауда серпіні қарқынды өсуде: өткен жылы Қазақстан мен Гонконг арасындағы екіжақты сауда-саттық 91%-ға өсіп, $51,8 млн-ға жетті. Біз Қытайға $1 млрд-ты құрайтын 135 тауар позициясы бойынша, Гонконгке $600 млн-нан астам сомаға 100 тауар позициясы бойынша шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға дайынбыз», — деп мәлімдеді Арман Шаққалиев.

Халықаралық сауданы дамытудың негізгі құрамдас бөлігі – нарықтарды ашу және жеткізу тізбегін дамыту. Арман Шаққалиев Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын ірі көлік хабына айналу жөніндегі ауқымды жоспарларын айтты.

«Бұл үшін көптеген жағдай жасалды. Жыл сайын Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша контейнерлік теміржол тасымалының көлемі өсуде. Қытаймен шекарада “Қорғас – Шығыс қақпасы” АЭА құру толығымен аяқталды. 2014 жылы Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен логистикалық терминал құрылды, ол бүгінде Қазақстаннан және Қазақстанға жүктерді жинап-тиейтін негізгі пункт болып отыр. Осы жылдың мамыр айында Сиань құрғақ портының аумағында “ҚТЖ” ҰК” АҚ терминалының құрылысы басталды. “Сәулелі” қағидат бойынша Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс бағыттарында сапасы жоғары автожолдар жобалары іске асырылуда, олар оңтүстіктен солтүстікке, батыстан шығысқа қарай өтуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Қорытындылай келе, Арман Шаққалиев Қазақстанның инвестициялық әлеуеті зор екенін, өңдеуші және жеңіл өнеркәсіп, жаңа жоғары технологиялар, жасыл энергетика, инфрақұрылым және қаржы бағытында шетелдік әріптестермен белсенді түрде жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.