ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан-Америка Іскерлік Кеңесінің (USKBZC) мүшелерімен өткен дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шарада АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чокси бастаған Chevron, Boeing, Google, Brownstein, ITIC, Bechtel және т.б. ірі америкалық компаниялардың басшылары болды6-деп хабарлайды ҚР ҰЭМ ресми парақшасында.
Ә.Қуантыров өз сөзінде Қазақстанның АҚШ-тың көптеген бизнес алпауыттарымен ынтымақтастығы отыз жыл бойы жалғасып келе жатқанын және жыл сайын инвестиция көлемінің артып келетінін атап өтті.
«2022 жылы АҚШ-тың Қазақстанға жалпы тікелей шетел инвестицияларының ағыны 82%-ға өсіп, $5,1 млрд. құрады. АҚШ дәстүрлі түрде Қазақстан экономикасының ең ірі үш инвесторының бірі болып табылады», – деді ҚР ҰЭМ басшысы.
Өз кезегінде бизнес өкілдері Астанада 2023 жылғы маусымда өткен Америка іскерлік кеңесі жұмысының тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ, олар Қазақстанда салық салу және инвестициялық саясат бойынша жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытты.
Келіссөздер барысында кәсіпкерлер цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы ынтымақтастық әлеуетінің зор екенін атап өтті.