БастыҚоғам

Бұқтырмада көпір салып жатқан компания құрылысты өз қаражатына жүргізуде

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірді салып жатқан «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары Нигматулла Абдулхаков мәлімдеме жасады. Ол көпір құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ОблШығысЖол» ЖШС көпір құрылысына қатысты жарияланған тендерді 2016 жылы ұтып алған.

2021 жылы жобаға енгізілген соңғы түзетулерден кейін олар көпір салуды бастап кетті.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары екінші кезеңге жеткен.

«Жалпы құны 62 млрд теңгені құрайтын жобаға екі жарым жылдың ішінде 20 млрд теңге ғана бөлінді. Ал дәл қазіргі сәтте қаржыландыру мүлде тоқтап қалған. Осылайша, біз құрылысты өз қаржымызға жүргізуге мәжбүрміз», – дейді Нигматулла Абдулхаков.

Өз сөзінде ол Күршім мен Самар аудандарының халқы үшін аса маңызды көпірдің құрылысын тоқтатпайтынын жеткізді.

«Керекті материалдарды жеткізіп жатырмыз. Жұмыс жалғасуда. Бірақ қаражат жетіспегендіктен жұмысшыларға жалақы кешігіп жатыр. Көпірге қажетті негізгі аралық құрылымдар Ресейдің «Курганстальмост» зауытында жасалады. Бұл металды алу оңай емес. Алдын ала ақша төлемесе болмайды. Өзім 1984 жылдан бері көпір құрылысымен айналысып келе жатқандықтан 40 жыл бойы жұрттан Бұқтырмаға көпір қажет екендігін естіп келемін. Көптен күткен көпір құрылысы басталды. Бірақ егер бір-екі айда ақша бөлінбесе құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып кетуі мүмкін», – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары.

Еске салсақ, ШҚО әкімі Ермек Көшербаев қазіргі уақытта Бұқтырмадағы көпір құрылысын қаржыландыру мәселесі нақты шешімін таппағанын мәлімдеген еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button