Ұлттық экономика вице-министрі – Қазақстаннан ОАӨЭЫ бағдарламасының Ұлттық үйлестірушісі Абзал Әбдікәрімов Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының отырысына қатысты,деп хабарлайды ҚР ҰЭМ ресми парақшасында.
А.Әбдікәрімов өз сөзінде ОАӨЭЫ бағдарламасы шеңберінде Азия Даму Банкі жүргізіп жақтан жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, әлемдегі геосаяси жағдай аясында сауда, халықаралық экономикалық дәліздер, көлік қатынасы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты күшейту аса маңызды.
«Біз Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударамыз. Бұл өз кезегінде біздің ОАӨЭЫ бағдарламасын дамытуда бейілділігімізді көрсетеді. Қазақстан осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырады», – деді ол.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов Грузияның экономика және тұрақты даму министрінің орынбасары Геннадий Арвеладземен кездесу өткізді.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелерін талқылады. Ол Қытай мен Еуропа арасындағы үш сауда дәлізінің қатарына кіреді.
2024 жылы Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының басқарушы кеңесіне төрағалық ету міндеті Грузиядан Қазақстанға өтеді.