Елордада мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған 150 орындық орталық салу жоспарланып отыр. Бұл туралы бас шаһардың коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Азамат Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар шеңберінде елордада 150 орынға арналған мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған жартылай стационар жағдайында 30 төсек-орынға арналған шағын үй ашу жұмысы жүріп жатыр. Бұған қоса, қалада 100 орынға шақталған психоневрологиялық аурулары бар мүгедектер үшін филиал ашу мүмкіндігі қарастырылуда», – деп бөлісті Азамат Оспанов.
Мұнымен қатар, брифингі барысында спикер былтыр сал дертімен ауырған 37 елордалық оңалтудан кейін аяққа тұрғанын мәлімдеді. Жалпы бүгінгі таңда елорда аумағында 5 556 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.