Басты

ОСК Сенат депутаттығынан үміткерлердің сайлау кезіндегі шығынын белгіледі

Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы тек Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарға ғана тиесілі.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттығынан үміткерлердің сайлау шығындарының мөлшерін белгіледі, деп хабарлайды zakon.kz.

ОСК хатшысы Сабила Мұстафина кандидаттың сайлау қорын құрайтын қаражат Қазақстанның Халық жинақ банкіндегі арнайы уақытша шотқа жинақталатынын атап өтті.

«Республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жариялы іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары мен көлік шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі. ОСК өз қаулысымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарын 450 000 теңге көлемінде белгіледі: атап айтқанда, теледидардан, радиодан бағдарламамен сөз сөйлеу және мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау үшін – 300 000 теңге; сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару үшін – 70 000 теңге; көлік шығындары үшін – 80 000 теңге қарастырылған», -деді ол.

Сондай-ақ, С.Мұстафина ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау қорлары туралы ақпаратты түсіндірді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттың сайлау қоры:

1) жалпы сомасы заңнамамен белгіленген ең төменгі жалақының екі жүз есе мөлшерінен аспауы тиіс кандидаттың меншікті қаражаты, бұл 8 500 000 (сегіз миллион бес жүз мың) теңгені құрайды;

2) жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бес жүз еседен артық аспауға тиіс Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтары, бұл 21 250 000 (жиырма бір миллион екі жүз елу мың) теңгені құрайды.

Белгіленген мөлшерден тыс түскен ақшалай қаражат сайлау қорына есептелуге жатпайды және оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен жабылады.

Жасырын қайырмалдықтар республикалық бюджет кірісіне айналады. Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат ғана жіберілуі мүмкін.

Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы тек Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарға ғана тиесілі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button