Мәжіліс депутаттары Қытаймен жасалатын визасыз режим мәселесін талқылады
11 мамырда Парламент Мәжілісінің қабырғасында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кейбір елдермен визасыз режим мәселелері бойынша тақырыптық отырысы өтті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Іс-шараның өзектілігі қоғамда, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының (ҚХР) азаматтары үшін 30 күнге дейін екіжақты визасыз режимді енгізудің белсенді түрде талқылануынан туындап отыр. Сианьда өтетін «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында бұл мәселе бойынша келісімге қол қою күтіледі. Аталған мәселе бойынша қоғамдағы пікірлер әртүрлі: осы бастаманы жақтаушылармен қатар оның қарсыластары да бар.
Халық қалаулылары ретінде депутаттар Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктерінің, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көзқарасын білу туралы шешім қабылдады.
Депутаттар алдында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш 2022 жылғы шілдеден бастап қытайлық азаматтар үшін біржақты тәртіппен 14 күндік визасыз режим қолданылып жүргенін хабарлады. Ал біздің азаматтар ҚХР-ға визаны рәсімдеп барады. Енді отандастарымыздың өтініші бойынша 30 күнге дейін екіжақты визасыз режим енгізу жоспарлануда. Бұл ретте депутаттар басты назарын мынадай сандарға аударды: 2022 жылы Қазақстаннан ҚХР-ға 95 760 азамат барса, ал Қазақстанға Қытайдан 64 223 азамат келіп-кеткен.
Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, кейбір қазақстандықтардың «визасыз» мерзімді ұлғайту жөніндегі жоспар ҚХР-дан Қазақстанға көші-қонның өсуіне алып келеді деген қаупі мүлдем негізсіз. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген шетелдіктердің саны – шамамен 4,2 млн. адамды, ал кеткендердің саны 4,0 млн. адамды құрады, бұл ретте елге келгендердің 90%-ы – ТМД елдерінің, оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары.
Көші-қон қызметінің басшысы ІІМ шетелдік азаматтардың біздің елімізге келуіне тұрақты түрде бақылау жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, көші-қон бақылауын қамтамасыз ету барысында заң бұзған 15,2 мың адам әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде ҚХР азаматтары – небары 296 адам немесе 1,3%-ды құрайды. Құқық бұзушылардың көпшілігі – Өзбекстан (8174) және Ресей (2089) азаматтары.
Визасыз режимді 30 күнге дейін ұлғайтуға байланысты ҚХР азаматтарымен некелесу санының артуына алаңдаушылық білдірген депутаттарға Аслан Аталықов 2023 жылдың үш айында Қазақстанда барлығы 25 018 неке тіркелгенін, оның ішінде ҚХР азаматтарымен небары 12 неке немесе 0,9%-ы тіркелгенін айтты. 2022 жылғы осындай көрсеткіш 129 707 некені құрайды, оның ішінде ҚХР азаматтарымен 39 некелесу болған немесе 0,6%. Бұл ретте, 12 некелесудің белгілі бір бөлігі қандастармен болуы мүмкін. Аслан Аталықов бұл мәселе бойынша ешқандай алаңдаушылық болмау керек деп санайды, өйткені олардың саны мүлдем аз. Бұған қоса, мұндай неке ҚХР-дан келген ер адамдар үшін азаматтық алуда ешқандай артықшылық бермейді. Олардың Қазақстан азаматтығын алуы біздің ұлттық заңнамамызға сәйкес қатаң түрде жүргізіледі.
Іс-шараға қатысушылар атап өткендей, Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 күнге дейін екіжақты визасыз режимді енгізу екі мемлекет азаматтарының жүріп-тұруы үшін маңызды болады, бұл дегеніміз емделу, туризм үшін жеке сапарлар және іскерлік сапарлар (халықаралық тасымалдар, транзит, келіссөздер, келісімшарттар жасасу және т.б.). Ал егер Қазақстан немесе Қытай азаматтары басқа мақсатта елде ұзағырақ болуға немесе ұзақ сапармен баруға ниет білдірсе, онда оларға тиісті визаларды алдын ала ресімдеу қажет болады. Еңбек министрлігі Көші-қон комитетінің басшысы Ілияс Испанов атап өткендей, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша шетелдік азаматтарға осы визасыз режим шеңберінде еңбек және өзге де ақы төленетін қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады. Яғни, жоспарланып отырған келісім қазақстандықтардың жұмыс орындарына қатер төндірмейді, тұрақты тұруға да құқық бермейді.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның және отырыста сөз сөйлеген бірқатар депутаттың пікірінше, визасыз режимді енгізудегі ең маңызды оң аспекті – экономикалық пайданың болуы, туристік ағынның ұлғаюы, бизнес-климаттың жақсаруы, іскерлік байланыстардың жанданып, ынтымақтастықтың кеңеюі. Ал іскерлік белсенділіктің өсуі – бұл инвестициялар ағыны үшін, мемлекеттің экономикалық дамуының барлық саласында бірлескен жобаларды іске асыру үшін маңызды серпін.
Біз өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өттік. Енді біз екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың кезекті бір «алтын» 30 жылдығына өтіп отырмыз. Визасыз режим туралы келісімге келуге екі елдің де дайын болуы – бұл бір-біріне деген сенімнің тағы бір дәлелі, тағы бір маңызды дипломатиялық қадам.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі өзара тиімді түрде дамыту мен нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деген ортақ қорытындыға келді.