Еліміздің бас қаласында Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы басталды. Ауқымды жиында білікті сарапшылар мен мамандар теміржол, энергетика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, автокөлік және тау-кен кешені сынды экономиканың маңызды салаларында отандық машина құрастыру ісін дамытып, қазақстандық үлесті арттырудың жолдарын қарастырады. Сондай-ақ форумда өндіріске қажетті мамандарды даярлау, цифрлы технологияларды енгізу мен еңбек өнімділігін жақсартудағы роботтандыру үдерісінің артықшылығы жөнінде спикерлер пікір алмасады. Бұл ретте осы күндері елордада Ondeu Expo өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі де өтіп жатқанын айта кетейік. Осы орайда аталған көрмеде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен кездесіп, жоғарыда айтылған маңызды іс-шаралардан қандай нәтижені күтіп отырғанын сұраған едік.
– Марат Кәрімжанұлы, осымен бұл форум 11-ші мәрте, ал өңдеу өнеркәсібіне арналған көрме 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл қатысушыларды немен таңғалдырасыздар?
– Биыл Ondeu Expo 6 маңызды бейінді халықаралық көрмені біріктіріп отыр. Айталық, Kazakhstan Machinery Fair, Su Arnasy – Water Expo, AgroSpecMash, Chem Tech Kazakhstan, Stroy Expo Astana және Infra Tech Kazakhstan. Бұған қоса машина жасау және металл өңдеу, ауыл шаруашылығы, коммерциялық және арнайы техника, химия және су өнеркәсіптері, құрылыс индустриясына арналған технологиялар мен жабдықтар, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ ТКШ бағыттары бойынша экспонаттар ұсынылған. Қытай, Батыс Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Америка елдерін қосқанда, тұтастай 17 мемлекеттен барлығы 250-ден астам экспонент қойылғанын айта кеткен орынды.
Сонымен қатар Ondeu Expo-2023 60-тан астам іс-шарадан тұратын мазмұнды іскерлік бағдарламамен ерекше. Оның ішінде металл өңдеудегі инновациялық технологиялар мен Қазақстанның химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі халықаралық конференциялар, қалалардың тұрғын үй-коммуналды секторы мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртып, дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңес, «Өнеркәсіпті цифрлы трансформациялау», сондай-ақ «Өңдеу өнеркәсібінің өзекті мәселелері және даму перспективалары» сынды панельдік сессиялар қамтылған.
Қазақстан машина жасаушыларының XI форумына келсек, онда қаузалатын мәселелер жылдағы дәстүрге сай. Ауқымды жиын саладағы өзекті мәселелерді жүйелі шешуге арналған. Негізгі міндет – отандық индустриялық-инновациялық кешенінің орнықты дамуына жол ашу. Алайда биылғы форумға ерекше үміт артып, одан айтарлықтай нәтижені күтіп отырғанын жасырмаймыз.
– Сонда үкілеген үміт пен нақты нәтижені қандай бағыттардан күтіп отырсыздар, осыны тарқатып айтып берсеңіз?
– Кейінгі жылда біз Мемлекет басшысынан өнеркәсіпті нығайтуға, ұлттық экономиканы импорт тәуелділігінен арылтуға байланысты және елімізде өндірілетін шикізатты өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған тапсырмалар пакетін алған едік. Бұл макроэкономикалық көрсеткіштер мен тұтыну бағасының өзгеру динамикасына тәуелді кез келген өнімге қатысты. Қарапайым тілмен айтқанда, экономикалық қауіпсіздігіміз бен дербестігімізді арттырып, сақтау міндеті жүктелді. Бұл ең әуелі халық жаппай қолданатын өндіріс өнімдеріне қарата айтылған. Оған машина жасау саласы да кіреді.
Кейінгі уақыттағы жетістіктерге қарамастан біз өз нарығымызды әзірге отандық өнімдермен лайықты деңгейде толтыра алмай келеміз. Өйткені өңделген тауарлардың шамамен 65%-ы әлі де шетелден әкелінеді.
Ұлттық экономиканы стратегиялық тұрғыда жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін қара және түсті металлургияда, мұнай-химия бағытында, машина жасау және автомобиль өндірісінде, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдерін өндіруде, сондай-ақ басқа да секторларда жоғары бөліністегі жаңа тауарларды шығару ісін жолға қою қажет.
Осы мақсатта біз 2022 жылы заңнамалық базаны айтарлықтай жаңарттып, стратегиялық маңызды бағыттар мен негізгі экспорттық басымдықтарды айқындадық. Өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейттіп, бизнес үшін кедергілерді азайттық. Инвестициялық саясаттағы өзгерістерді, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындарының отандық шикізатты қолайлы бағамен сатып алу мен оған қол жеткізу жолдарын жеңілдеттік. Мұның барлығы атқарылып қойған жұмыс. Демек саланы уақыт талабына сай өркендету үшін оның іргесі дайын тұр.
Сондықтан осы форумда әріптестерімізбен пікір алмасып, тың идеялар мен ұсыныстарды күтеміз.
Осы ретте біздің көздеген міндетіміз – халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық пен қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ мемлекет пен іскер ортаның арасындағы тиімді диалогты құрып, дамытуға барынша жағдай жасау екенін айта кеткен орынды.
Өнеркәсіпке бейжай қарамайтын адамдарға, тұтастай іскер азаматтарға жиі кездесіп, бір-біріның пікіріне құлақ түріп отыру керек деп санаймын. Егер де мұндай жүздесулер үзілмесе, міндетті түрде бір нәтиженің болары анық.
Салалық форумды өткізе отырып, біз мүдделі тараптарды таныстырып, жемісті қарым-қатынастарын тереңдетуге септігін тигізетін үйлестіруші рөлін алып отырмыз.
– Астанада өткізіліп жатқан көрмеде еденге арналған жабынды материалдарды шығаратын белгілі шетелдік компанияның басшылығымен кездескеніңізді естідік. Оның барысында қандай мәселелерді талқыладыңыздар?
– Аталған компания Қазақстанда жаңа өндіріс орнын ашуға ниетті екендерін жеткізді. Біз бұл жобаға қолдау көрсеттік. Неге десеңіз, әрлеп, көркейтуге арналған құрылыс материалдарының импортын төмендетуге мүдделіміз. Қазір осы жоба қарқынды іске асырылып келеді. Ламинат өндіретін зауыт АЭА аумағында салынып жатыр. Қазір логистика мен қажетті коммуникацияны тарту мәселелерін шешу қолға алынды. Бұл орайда инвесторлардан өзім басқарып отырған министрлікке қойылатын қандай да бір сұрақтың бар-жоқтығын анықтап, қосымша көмек көрсетуге әзір екенімізді жеткіздім. Олар жұмыс жоспарға сай жүріп жатқанын және еш қиындық туындамағанын айтты.
Тұтастай алғанда, форумда мұндай тағы бірнеше кездесулерді өткізу жоспарланған. Сөз орайы келген соң айта кетейін, біз инвесторларға бірлесіп жұмыс істеуге барынша ашықпыз!