Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында құрылысы ұзаққа созылған нысандардың үлескерлерімен кездескенін мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Біз ұзаққа созылған нысандардың құрылысын назарда ұстаймыз. «Зере-2», «Араби 2 – Гранитный 2», «Мирный дом», «Коргалжинский квартал» секілді құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралап шықтым. Олардың әрқайсысының өткен тарихы әртүрлі, өз пәтерін 10 жылдап күтіп жүрген тұрғындар бар.
Кейбір нысандардың құрылысы кестеден қалып барады, ал енді бір жерінде құрылыс сапасы көңілге қонымсыз.
Құрылыс салушылардың мойнында жұмыс қарқынын арттыру, құрылыс маусымын барынша пайдалану, сол сияқты сапаға ерекше көңіл бөлу міндеттері тұр. Жылу беру маусымына дейін нысандар жылу жүйесіне қосылуы керек. Құрылыс салушылар қатардағы жай нысан ретінде қарастырмауы керек, оның артында өз пәтерін жылдар бойы күтіп жүрген жандардың тағдыры бар», – дейді елорда әкімі.