Астанада «Машина жасау – жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту драйвері» тақырыбында Қазақстан машина жасаушыларының XI форумының пленарлық отырысы өтті. Жиынға ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты. Іс-шара ҚР ИИДМ мен Қазақстан машина жасаушылар Одағының ұйымдастыруымен әрі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен өтті.
Форум жұмысына сондай-ақ ҚР ИИДМ басшысы Марат Қарабаев, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев, Wabtec корпорациясының вице-президенті Гохан Байхан, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов және «Қазэнергокабель» АҚ басшысы Владимир Бобров қатысты.
Форумның ашылу салтанатына қатысқан Премьер-министр іс-шараға қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновацияға және озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында машина жасау өндірісі айрықша рөл атқарады.
Былтыр бұл салада жалпы құны үш триллион теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрлері, экспорт көлемі көбейді. Мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бұған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі, мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау шаралары зор септігін тигізді.
Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыруымыз керек. Сол үшін менің тапсырмаммен Кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін.
Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарықтарға шығу – біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін»,— делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде Әлихан Смайылов бүгінде еліміз индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету жөніндегі саясатты жалғастырып жатқанын атап өтті. Осы ретте ол машина жасауды дамытудың басымдықтарына тоқталды. Атап айтқанда, жергілікті қамтуды ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және экспортты ілгерілету.
«Қазақстандық машина жасау өңдеу өнеркәсібінде жетекші рөл атқарады. Машина жасаудағы өндіріс өсімі өткен жылы 9,4%, ал биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша 36% құрады. Машина жасау саласын дамыту шеңберіндегі жұмыс жалғасатын болады. Жаңа технологияларды енгізу, экспортты ілгерілету және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет», дей келе Әлихан Смайылов Үкімет ашық диалогқа және бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
Сонымен қатар ол машина жасау өнімдері нарығының сұранысы 23 млрд долларға бағаланатынын, оның тек 3,1 млрд доллары отандық өндіріспен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев машина жасау кәсіпорындарын қолдау шаралары және өнеркәсіптік саясатты іске асырудағы кешенді жоспардың рөлі туралы айтып берді.
«Біздің негізгі міндетіміз — республиканың индустриялық-инновациялық кешенінің орнықты дамуына жәрдемдесу, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды, қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы байланыстарды орнату және нығайту үшін жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен бизнес-қоғамдастық арасында тиімді диалог құру. Бүгінгі таңда машина жасауды дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы әзірленіп жатыр. Құжатқа отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілетін болады», деді Марат Кәрімжанұлы.
Пленарлық отырыс барысында қатысушылар машина жасауды дамытудың Кешенді жоспарының түйінді және тұжырымдамалық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ отандық машина жасауды технологиялық қайта жарақтандыруды дамытуға қатысты негізгі мәселелер және өнеркәсіптік саясатты іске асырудағы кешенді жоспардың рөлі талқыланды.
Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясын қалыптастыру барысында форум айрықша маңыздылыққа ие.
Пленарлық отырыс аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов сұрақ-жауап форматында өткен сессияға қатысып, Kazakhstan Machinery Fair-2023 көрмесінің жұмысымен де танысты.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынымдар жолданатынын айта кеткен жөн. Олар машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша стратегиялық маңызды міндеттерді жүзеге асыру барысында маңызды болып табылады.