Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Байқоңыр ауданында бірнеше жаңа аулалар пайдалануға берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ш.Уәлиханов көшесі, 23, Асан қайғы көшесі, 2, С.Сейфуллин көшесі, 65 мекенжайларында ашылған жаңа аулаларға Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов, аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев, сол сияқты Нұрлан Көпешов, Салтанат Жиеналаева секілді елордалық мәслихат депутаттары қатысты. Ашылу барысында олар тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Жаңадан абаттандырылған аулалардың ашылуында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Барлық аулада балақайларға арналып аула мерекелері өткізілді. Аудан әкімдігі атынан арнайы аниматорлармен көңілді ойындар ұйымдастырылса, балақайларға тәтті сыйлықтар да таратылды.
Аудан тұрғындары да өздері бастама білдіріп, аулада мерекелік жиындар өткізді. Олар үлкен дастархан жайып, ән шырқап, би биледі.