Қоғам

ҚР ИИДМ басшылығы Астана – Алматы бағытындағы жол учаскесінде қолға алынған құрылыс жұмыстарын бағамдады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Астана-Алматы автожолының «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Құрты» учаскесіндегі жаңғырту жұмыстарын тексеріп қайтты.

Вице-министр автокөлікпен жүре отырып, Қарағанды және Жамбыл облыстары арқылы өтіп жатқан  «Қарағанды – Балқаш» (363 шақырым), «Балқаш – Бурылбайтал» (288 шақырым), «Бурылбайтал – Құрты» (228 шақырым) және «Құрты-Қапшағай» (67 шақырым) учаскелерінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Биыл аталған жол аумағымен 861 шақырымдай жерге көлік қозғалысын ашу көзделген.

Бұған қоса Алмаз Ыдырысов Астана – Алматы тас жолынан Алматы мен Жамбыл облыстарының әкімшілік орталықтарына апаратын «Мерке – Бурылбайтал» және «Құрты – Қонаев» жол учаскелерінде қолға алынған жұмыстарды бағамдап көрді.

Бұл сапар кезінде барлық учаскеде жол құрылысына байланысты жұмыс кеңестері өткізіліп, ИИДМ басшысының орынбасары мердігер ұйымдардың базасын пысықтап шықты.

Осы ретте 2022 жылдың мамырында «Құрты – Бурылбайтал» учаскесінің 2295-2380 шақырым аралығында тиісті міндеттемелердің орындалмауына байланысты бұрынғы мердігермен келісімшарт бұзылғанын атап өткен маңызды. Байқау рәсімдері өткізілгеннен кейін жаңа мердігер анықталмақ. Қазір аталған учаскедегі жұмыстар жанданып жатыр.

А.Ыдырысов мердігерлермен болған кездесулерде негізгі республикалық күрежолды жаңғыртуды тезірек аяқтап, құрылыс жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

«Үкімет пен жауапты министрлік тарапынан нәтижелі жұмыс пен жобаны уақтылы аяқтау үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бұл жол еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтып қана қоймай өңірлердің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары.

Бұдан бөлек вице-министр «Ұзынағаш – Отар», «Шамалған стансасы маңындағы айналма жол» мен Алматы облысындағы «Үлкен Алматы айналма автожолы» жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысуды жоспарлап отыр.

Анықтама:

«Қарағанды – Балқаш» учаскесіндегі 1492-1855 шақырымдай жерге құрылыс жұмыстарын CITIC Construction компаниясы іске асырып келеді. Соған сәйкес ұзындығы 363 шақырым болатын 8 учаскені жаңғырту көзделіп отыр. Бұл жоба басталғалы бері 27,7 млн текше метр жер төсемі, 292 шақырымдай аумаққа жол жабынының негізгі жоғарғы қабаты, 259 шақырым жерге төменгі қабат пен  6 шақырымдай жабынның жоғарғы қабаты төселді.

«Балқаш – Бурылбайтал» және «Құрты – Бурылбайтал» учаскелерінде жер төсемін, сондай-ақ жол жабынының жоғары әрі төменгі қабатын салу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар жер төсемін үймелеу, көпірлер мен су өткізу орындарын салып, көркейту жұмыстары жалғасып жатыр.

«Құрты – Қапшағай» учаскесінде (0-67 шақырым аралығы) құрылыс жұмыстары басталғалы бүгінге дейін 3,4 млн текше метр жер төсемі жайылып, 14 шақырым жол жабынының жоғарғы қабаты мен 7 шақырымдай төменгі қабаты төселді. Сондай-ақ көпірлерді салып, су өткізу құбырларын орнату және жер төсемін үймелеу жұмыстары жүзеге асып жатыр.

Қазір Қарағанды – Алматы бағыты бойынша көлік қозғалысы төменгі жол жабынымен 556 шақырымдай жерге қамтамасыз етілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button