БастыЭкономика

Қазақстан Иранға экспортты $250 млн-ға арттыруға дайын – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасына ресми сапары барысында ИИР Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету, инвестиция тарту, транзиттік-көлік саласында перспективалы жобаларды жүзеге асыру және тұтастай алғанда жүк тасымалдау көлемін арттыру т. б. мәселелерді талқылады.

Премьер-Министр Иран – Қазақстанның Парсы шығанағындағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі екенін баса айтты. Өткен жылы тауар айналымы шамамен 20%-ға өсіп, $528 млн-ды құрағанын, Қазақстан Иранға жалпы құны $250 млн болатын 75 тауар позициясы бойынша өз экспортын ұлғайтуға дайын екенін атап өтті.

«Экономикалық әлеуетіміздің толық ашылуына қарай біз бұл көрсеткішті $3 млрд-қа дейін жеткізе алатынымызға сенімдімін. Ол үшін бізде энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және т. б. салаларда елеулі резервтер бар», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, өзара саудадағы үлесі 70%-дан асатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайту екіжақты іскерлік байланыстардың маңызды бағыты болып табылады. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауар айналымын $1 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте Қазақстан Иран нарығына бидай мен арпаны, кондитерлік және ұн, ет өнімдерін, сондай-ақ өсімдік майларын жеткізуге дайын. Ал, Қазақстан Республикасы үшін маусымаралық кезеңде ерте пісіп шығатын көкөністер мен жемістерге қызығушылық жоғары.

Тағы бір маңызды бағыт – әкімшілік және техникалық кедергілерді жою, автомобиль және темір жолдарды жаңғырту, сондай-ақ теңіз инфрақұрылымының логистикалық әлеуетін арттыру арқылы халықаралық көлік дәліздерін дамыту. Бұл бөлікте «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі, атап айтқанда, «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» бағыты ерекше маңызға ие.

«Қазақстан Үкіметі мемлекеттер басшыларының алға қойған міндеттерін іске асыруға және екіжақты бірлескен жұмысты белсенді жалғастыруға дайын», — деді Әлихан Смайылов.

Мохаммад Мохбер өз тарапынан Қазақстан мен Иран арасындағы экономиканың барлық салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтті. Атап айтқанда, ол өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың перспективасын сөз етті.

Бірінші вице-президент сонымен қатар жүк ағынын арттыру үшін аймақтық және халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін барынша пайдалануға шақырды.

«Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас әрқашан түсіністік жағдайында өрбіді. Саяси тұрғыда біздің қарым-қатынасымыз ең жоғары деңгейде. Сіздің сапарыңыз елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретініне сенімдімін. Компаниялардың өзара іскерлік байланыстарын әрі қарай тереңдету үшін жеке секторды жандандыруымыз керек екені сөзсіз. Біз қазақстандық компанияларды серіктестігімізді дамытуға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді Мохаммад Мохбер.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың жол картасын әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді.

Одан кейін екіжақты ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға, соның ішінде туризм, спорт, жастармен жұмыс және кеден қызметкерлерін оқыту салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға, сондай-ақ Құрық және Амирабад порттары арасындағы тасымалдауды дамыту туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

Кездесуден кейін Әлихан Смайылов пен Мохаммад Мохбер баспасөзге бірлескен мәлімдеме жасады.

«Ашық әрі сенімді ортада біз Қазақстан-Иран күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарды талқыладық. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде табысты дамып келе жатқанын қанағатпен атап өттік. Бірқатар өзекті мәселелер бойынша өте пайдалы пікір алмастық. Олар ең алдымен, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды кеңейтуге қатысты болды», — деді Әлихан Смайылов БАҚ өкілдеріне.

Өз кезегінде Мұхаммед Мохбер өткен жылдың қорытындысына сәйкес өзара сауданың өсуіне қарамастан, бұл көрсеткіштер екі елдің әлеуетіне сай емес екенін атап өтті.

«Құрметті Премьер-Министрдің сапары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын $3 млрд деңгейіне жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Біз сондай-ақ транзиттік үдерісті, ғылымды қажет ететін компаниялар арасындағы ынтымақтастықты және туризм саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келістік», — деді Мохаммад Мохбер.

Сымбат Төлегенова

Тулегенова Сымбат Тулегеновна родилась 9 марта 2000 года в городе Жезказган, Карагандинская область. Окончила Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева (2017-2021). Специальность - журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button