ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының м.а. Ілияс Испанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы туралы айтты, деп хабарлайды Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.
Ілияс Испанов өз сөзінің басында тұжырымдама елдің экономикалық дамуын кадрлық қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталғанын атап өтті. Онда: елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау, ел өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жоюды көздейтін түйінді мәселелердің 3 блогы айқындалған.
Қазіргі уақытта шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесі бекітілді. Онда Денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, ғылым және т. б. салаларда сұранысқа ие 21 мамандық қарастырылған. Шетелдіктердің кәсіптік мамандығы тізбеге сәйкес келген жағдайда ҚР Ішкі істер министрлігіне өтінім бере алады.
«Біз үшін көрші елдерден, оның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келетін еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту маңызды. Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сәйкес айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылады», – деді Ілияс Испанов.
2023 жылға арналған шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленген.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 14 417 шетел азаматы еңбек етеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 693 жұмыс беруші бар. Оларда Қазақстанның 407 мыңнан астам азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.
Келесі бағыт – бизнес-иммиграция. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып, инвестициялық визалық шекті 300 мың АҚШ долларына дейін төмендету ұсынылады. Мигранттардың осы санаты үшін тұруға ықтиярхаты бар және бизнесті тіркеу, меншікке иелік ету, персоналды жалдау, қаржылық төлемдер жүргізу және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын кез келген операцияларды еркін жүзеге асыру құқығы бар «Инвесторлық визаны» енгізу көзделеді.
«Тағы бір маңызды бағыт – этникалық көші-қонды реттеу. ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес «Ата жолы» картасы беріледі.
«Ата жолы» картасы шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын жоғалтпастан беріледі. Картаны енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Сондай-ақ, «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады», – деді Испанов.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында этникалық қандастардың көші-қон саясатын түбегейлі өзгертуді тапсырды.
Осыған байланысты шетелде тұратын этникалық қазақтарға қандас мәртебесін алудың жаңа тетігін енгізуді көздеп отыр.
«Біздің отандастарымыз жақын және алыс шет елдерде тұрғанына қарамастан, Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемесі арқылы елге кіруге құжаттар тапсыруы тиіс. Өз кезегінде, бұл жаңа тетік елге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері және Қазақстан аумағына кірмей қандас мәртебесі туралы мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда бұл тетік өз жемісін беруде, яғни республиканың шетелдегі мекемесі арқылы Түркіменстанда тұратын этникалық қазақтардан 505 өтініш (156 отбасы) қабылданып, тиісті визалар берілуде», – деді Комитет төрағасының міндетін атқарушы.
Сондай-ақ босқындармен және пана іздеушілермен жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өту маңызды. Министрлік уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп БҰҰ стандарттарымен ұлттық заңнама нормаларын имплементациялау жөнінде ұсыныстар әзірлейтін болады.
Қазіргі уақытта елде 291 босқын тіркелген. Олардың көпшілігі Ауғанстан (270), ҚХР (7), Сирия (5) және басқа елдердің (9) азаматтары. Сондай-ақ пана іздеген 862 адам тіркелген. Оның ішінде 588 адам Украина азаматтары, 226 адам Ауғанстаннан, 22 адам Ресей Федерациясының азаматтары және 26 адам басқа елдерден.
Бұдан басқа шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қазақстандықтардың ең көп саны жұмыс істейтін елдерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін қабылдау ұсынылады.
«Бұл жаһандық тренд. Сондықтан біз оған шектеулер қоя алмаймыз және оны шектеудің қажеті жоқ. Біздің міндетіміз– азаматтарымыздың құқықтарын қорғау. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық арналары арқылы Түркия, БАӘ, АҚШ, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Израиль, Катар және Германиямен келісу үшін еңбек қызметі және еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау туралы екіжақты келісімдердің жобалары әзірленіп, жіберілді. Осы келісімдерге сәйкес Сыртқы істер министрлігінің шетелдік құрылымдары Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғайтын болады», – деп бөлісті Испанов.
Қазақстан мен бірқатар шет мемлекеттер, оның ішінде Корея Республикасы арасында визасыз режим белгіленген сәттен бастап (2014 жылғы 19 қарашадан бастап) Қазақстан азаматтарына туристік, медициналық, іскерлік мақсаттарда Кореяға кіру едәуір жеңілдетілді. Соған қарамастан, Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяға заңсыз еңбек көші-қоны екі ел арасындағы күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды.
Жалпы, Корея Республикасында заңсыз шетелдік мигранттардың проблемасы өте күрделі екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты Корея үкіметі Қазақстанға «Еңбекке рұқсат беру жүйесі» (Employment Permit System – EPS) бағдарламасына сәйкес еңбек көші-қонын жүзеге асыруды ұсынды.
«Тұжырымдаманың соңғы бағыты халықтың ішкі көші-қон ұтқырлығын ынталандыруды көздейді – еліміздің жұмыс күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлеріне көшу. Негізгі шарт – жұмыс орындарының болуы және тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Оны сақтау үшін жұмыс бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі: жұмыс берушілердің жергілікті жерлерде жұмыс орындарын құруы; елдің басқа бөліктерінде іске асырылған табысты жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясындағы тәжірибесін солтүстік өңірлерге трансферттеу және масштабтау; жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған кезде тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде шығындарды өтеуге құқық беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру», – деп толықтырды Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы.
2023 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 8 652 бірлік мөлшерінде белгіленді, оның 1 925-і қандастар үшін және 6 727-сі қоныс аударушылар үшін.
1 сәуірдегі жағдай бойынша квотаның орындалуы 1 268 адамды құрайды (325 қандас және 943 қоныс аударушы). Еңбекке жарамды жастағы 682 қоныс аударушының 440-ы немесе 65%-ы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.
Өз сөзінің соңында Ілияс Испанов көші-қон ағындарының қозғалысын есепке алу мақсатында мигранттар қозғалысын есепке алудың 13 бағыты бойынша бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйе құрылатынын, бұл қызмет алушыларға «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша рұқсат құжаттарын онлайн ресімдеуге мүмкіндік беретінін хабарлады. Сондай-ақ, ақпараттық жүйе процестерге мониторинг жүргізуге, мигрантты цифрлық сәйкестендіруге, оның қаржылық операцияларын бақылауға, қажет болған жағдайда физикалық орналасқан жері мен қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.