Экономика

Үкіметте жанар-жағармай материалдары бойынша ахуал талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Үйлестіру орталығының отырысында ішкі нарықты мұнай өнімдерімен, оның ішінде дизель отынымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазіргі уақытта республикада 309 мың тонна дизель отынының жиынтық қоры бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар сәуір айында тағы 441 мың тонна отын өндірілмек. Осылайша, осы айда дизельдің жалпы көлемі шамамен 750 мың тонна, ал болжам бойынша тұтыну көлемі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ҚТЖ қажеттіліктерін қоса есептегенде, шамамен 510 мың тоннаны құрайды.

Министрдің мәліметінше, 7 сәуірдегі жағдай бойынша 415 жанармай құю станциясында дизель отыны болмаған, бұл – еліміздегі 3 163 нысанның 13%-ы. Энергетика министрлігі тапшылықты тез арада жою үшін жанармай құю станцияларын қосымша отынмен қамтамасыз ету мақсатында өңірлер әкімдіктерінен өтінімдер жинады.

Сондай-ақ мемлекет өңдеу кәсіпорындарында өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Шымкент МӨЗ-ін жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, мұнай өнімдерін жөнелту басталып кетті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен отын тапшылығы бар өңірлердегі жанармай құю бекеттеріне басымдық беріледі.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, соңғы күндері орын алған тапшылық жанармай құю станциялары иелерінің баға айырмашылығының қысқаруын күтіп, мұнай базаларындағы отын қорын жасырып қалуына байланысты болып отыр. Осылайша, жеке мұнай базаларында елде бар дизель отыны көлемінің 73%-ы жинақталған.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов өткен аптада 3 мыңнан астам жанармай құю станциясына талдау жүргізілгенін, бұл ретте отын бола тұра, сауда-саттық көлемі азайып кеткен нысандарға ерекше назар аударылғанын айтты. Яғни сатуды шектеу белгілері орын алған. Еліміз бойынша барлығы осындай 152 жанармай құю бекеті анықталды. Барлық факті бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Өңірлердегі ахуал мен қабылданып жатқан шаралар туралы Түркістан облысы, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады.

Роман Скляр өңірдегі штабтар белсенді түрде әрекет етіп, тұрақты рейдтер өткізуі керек екенін атап өтті.

«Алып-сатарлыққа және мұнай базаларында отынды “ұстап тұруға” жол бермеу керек, өйткені бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. МКК, ҚМА және БҚДА-дан жанармай құю станциясындағы жағдайды бақылауды күшейтуді сұраймын. Жанар-жағармай материалдары бола тұрып, оны сатпай отырған нысандар анықталса, оларды заң бойынша жауапқа тарту керек. “ҚазМұнайГаз” және ҚТЖ зауыттардан жоспарланған жанар-жағармай материалдарының көлемін, әсіресе дизель отынын уақытылы және толығымен жөнелтуді және жеткізуді қамтамасыз етуі қажет», — деді Р. Скляр.

Сонымен қатар отырыста келесі жылу беру маусымына дайындық мәселесі талқыланды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button