Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «конкурстық негізде өткізілетін пәтерлер ұтысы» туралы азаматтардың тарапынан қоңыраулар жиі түсіп жатыр.
Алаяқтар өздерін ведомство қызметкерлері ретінде таныстырып, министрлік жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып конкурстық негізде пәтерлердің ұтысын өткізетіні туралы айтып, тұрғындарға хабарласады. Сонымен бірге мемлекеттік органға «қаржылай берешегі» туралы мәлімдеп, ол өтелген жағдайда азамат конкурстық негізде «пәтер алатыны» туралы жалған ақпар береді.
Өз кезегінде министрлік бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады. Өйткені тұрғын үй беру мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді әрі санаттарға сәйкес және кезекке қою күніне байланысты бөлек тізімдермен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру бойынша өзекті ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Call-орталығына хабарласу қажет.
Осы ретте күмәнді жарнамаларға назар аудармай, арандатушылыққа жол бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз.