Мемлекет басшысы өз Жолдаулары мен тапсырмаларында интернет сапасы туралы бірнеше рет көтерді. Осы мақсатта Астана қаласының әкімдігі, Цифрлық даму министрлігі, байланыс операторларымен бірлесе отырып, байланыс пен интернет сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінгі таңда елорданың әрбір тұрғынын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр. Негізінен проблемалы аймақтар мен елді мекендерге көңіл бөлінеді.
Елордада 16 елді мекен және 1 саяжай алабы бар. Мұндағы мәселе – елді мекендерде кабельдік кәріздің болмауы. Өткен жылы әкімдік электр желілері арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) төсеу туралы шешім қабылдады. «Астана-АЭК» АҚ-мен бірлесіп инвесторлардың толық қаржыландыру есебінен елорданың елді мекендерінде электр беру және жарықтандыру тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды.
Елді мекендерде ТОБЖ салуға дайын инвесторларды іздеуді бастадық. Бүгінде тұрғын алап тұрғындарына талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернет және цифрлық теледидар қызметтері ұсынылады.
Инвесторлар жарықтандыру тіректері мен электр желілері арқылы өтетін заманауи GPON технологиясын қолданады.
Айта кету керек, инвестицияның жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асады.