Денсаулық сақтау министрлігі Шымкентте ерте араласу бөлімшесінің ашылуына қатысты
Шымкент қаласында қала әкімдігінің №2 Оңалту орталығының базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерінің қатысуымен «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің ресми ашылу рәсімі өтті.
«Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі дамуында кемістігі бар жас балаларға көмек көрсетуге арналған жаңа әлеуметтік бастама болып табылады. Бұл балаларға білікті медициналық көмек пен оңалту терапиясын алуға мүмкіндік береді, деп мәлімдейді министрліктің баспасөз қызметі.
Елімізде МӘМС енгізіліп, балаларға қалпына келтіру көмегін көрсету дамыды, оны қаржыландыру арқылы қалпына келтіру емінің төсек қоры екі есеге өсіп, бүгінде 4 мыңнан астам төсекті құрады, бұл 2022 жылы 80 мыңнан астам баланы медициналық оңалтумен қамтуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінде балаларға көмек көрсететін 49 оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап ҚР ДСМ оңалту көмегін көрсетудің «қадамдық» қолжетімділігі мен уақтылығын қамтамасыз ету үшін «Қамқорлық қоры»КҚ-мен бірлесіп «Қамқорлық» Жол картасын кезең-кезеңімен іске асырады, оның шеңберінде 15 оңалту орталығы ашылды, онда 17 мыңнан астам бала оңалтылды. Сонымен қатар, 2022 жылы елімізде алғаш рет 3 жасқа дейінгі балаларға арналған «Ерте араласу» институтын енгізу бойынша іс-шаралар басталды, бұл бұрын қол жетімді емес еді. «Қамқорлық» бастамасының шеңберінде елімізде ерте араласудың 8 орталығы жұмыс істейді, онда 0-3 жастағы балалар дамуының бұзылуымен және олардың туындау қаупімен абилитация/оңалту алады.
Шымкенттегі «Қамқорлық» бөлімшесі 600-ден астам жас баланы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ ата-аналарға басқа өңірлерге бармауға және жергілікті жерлерде ем алуға мүмкіндік береді.
2023 жылдың соңына дейін тағы 12 «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр, олар жыл сайын даму кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар 10 мыңнан астам ерте шақтағы балаларды қамтитын болады.
Сондай-ақ, ауыл балаларына қалпына келтіру емінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2024 жылы «Қамқорлық» бастамасының ІV кезеңі іске асырылатын болады, онда 17 аудандық оңалту орталығын (аудандық орталық ауруханалардың базасында) құру және ашу жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Орталықтардағы балаларды бақылау мен емдеуді невропатологтар, реабилитологтар, ЕДШ нұсқаушылары, ортопедтер мен педиатрлар, сондай-ақ педагог-дефектологтар, логопедтер, кәсіптік терапевттер, балалар психологтары мамандарының көп бейінді тобы жүргізеді.
Аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығының ресми ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Оспанов, Шымкент қаласының әкімі М. Д. Әйтенов, Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.А.Асылбеков, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры, «Қамқорлық Қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі М.Х.Ембергенова, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Б.Б.Жәмішев, «Samruk-Kazyna Trust» ҚҚ әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары С.М. Қалиасқаров, «Қамқорлық қоры» КҚ директоры А.Еркінов қатысты.