Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов «Әскери құрылыс» АҚ-ның жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілер алдындағы берешегі мәселелері бойынша кәсіпкерлермен кездесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Компания басшыларымен болған кездесуде қазіргі уақытта «Әскери құрылыс» АҚ қаржы-шаруашылық қызметін сауықтыруға бағытталған жұмыстар жүргізілгені хабарланды.
Атап айтқанда, бұзылған шарттар қалпына келтірілді. Бұл шара несие берушілер алдындағы қарызды ішінара өтеуді бастауға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 2022 жылы 2,7 млрд теңге сомасындағы шарттар қалпына келтірілді. Оның ішінде 0,5 млрд теңге игерілді. Қалған 2,2 млрд теңге бойынша іс-шаралар биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталмақ.
Қарағанды, Щучье, Семей және Алматыдағы пайдаланылмай тұрған объектілерді «Әскери құрылыс» акционерлік қоғамына беру жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Кейін оларды өткізуден алынған ақшалай қаражат бірінші кезекте кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге бағытталатын болады. Осы мақсатпен министрлік тарапынан тиісті құжаттар дайындалып қойылғанын айта кету керек.
Сондай-ақ, қазіргі жағдайды кредиторлардың бастамашыл тобының өкілі Дамир Саттыбаев та түсіндіріп өтті.
– Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі кредиторлық берешекті қайтару бойынша үлкен жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда жүзден астам компания медиативтік келісімдерге қол қойды. Қорғаныс министріне бізге берген сөзінде тұрып, кредиторларға ақшалай қаражатты қайтару мүмкіндігін шешу жолдарын іздегені үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді кәсіпкер.
Қорғаныс министрлігі кәсіпкерлерге биылғы жылы модульдік ғимараттарды сатып алуды, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлағанын хабарлады. Бұл іс-шаралар да жағдайды шешуге оң ықпал етпек.
Кәсіпкерлер алдындағы кредиторлық берешектің негізгі бөлігін 2023 жылдың соңына дейін өтеу жоспарланып отырғанын атап өту керек.