Жетісу облысында мемлекетке 18,6 млн теңгеден астам залал келтірген браконьерлер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаратал ауданының соты Қызыл кітапқа енгізілген үш қарақұйрықтың тұтас етімен ұсталған 4 браконьерге қатысты шешім шығарды.
Қаңтар айының басында Қаратал ауданының далалық аймағында қызыл кітапқа енгізілген жануарларды заңсыз аулап жүрген көршілес Алматы облысының төрт тұрғыны ұсталды. Олардың автокөлігінің жүксалғышынан үш қарақұйрықтың тұтас еті, сондай-ақ үш атыс қаруы табылды. Мемлекетке келтірілген залал 18,6 млн теңгеден асады.
– Ұсталған адамдар кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша сотталды. Төртеуіне қатысты 3 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылды және бес жылға аң аулауға тыйым салынды. Өтелген залалдан бөлек сотталғандардан сот шығындары үшін 48 мың теңгеден астам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жәбірленушілер қорына 276 мың теңге өндірілді, – деді Жетісу облысы ПД табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов.