Мәдениет және спорт министрлігі TIKTOK платформасымен бірге Наурыз мейрамына орай онлайн-фестиваль өткізеді
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен TikTok қысқа видеороликтерді көруге және дайындауға арналған танымал платформасы Наурыз мейрамына орай онлайн-фестиваль өткізеді. Қосымшаны пайдаланушылар #Наурыз2023 хэштегімен ұлттық мейрам, оның ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары туралы видеороликтер түсіреді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Челленджде TikTok-та танымал контент-мейкерлер: музыканттар, аспаздар, саяхат блогерлері және танымдық видео авторлары қатысып жатыр.
Үздік видеороликтердің авторлары Kazakh Tourism компаниясы ұсынған жүлделерге ие болады. Алғашқы үш орынды иеленген қатысушылар Қазақстанның көрікті жерлеріне сапарлай алады. Жеңімпаз 5 күнге, екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 3 күн және 1 күнге саяхатқа шығады.
Видеоролик тақырыбы ретінде төрт бағыттың бірін таңдауға болады: тамақ, саяхат, мәдениет және музыка.
Онлайн – фестивальдің қорытындысы, үздік видеороликтер мен байқау жеңімпаздарының есімдері 29 наурызда жарияланады.
«Наурыз адамдарды табыстырады, онлайн-фестиваль қазақстандықтарды біріктіруге және әдет – ғұрыптарымыз бен салт – дәстүрлерімізді насихаттауға көмектеседі. Қазақ мәдениеті мен тарихына арналған роликтер TikTok-та танымал болып келеді. Мысалы, #Қазақстантарихы хэштегі бойынша видеолар 100 миллионға жуық, ал #Қазақстанмәдениеті хэштэгі – 75 миллионнан астам қаралған. Сондықтан бұл акция тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де мүмкіндігінше көп адамды қамтуға арналған», – деді ҚР МСМ ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.