ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясынан келген халықаралық байқаушыларға арналған брифингте сөз сөйледі, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенатор өз сөзінде халықаралық беделді ұйымдардың атынан келген тәуелсіз байқаушылардың сайлауға мониторинг жүргізуі маңызды екенін атап өтті.
ЕҚЫҰ ПА және ДИАҚБ-тың өкілетті миссиясының осы мониторингке қатысуын Қазақстандағы демократиялық реформаларды қолдаудың белгісі ретінде қарастырған жөн.
«2022 жылы біз президенттік сайлау өткізген болатынбыз, одан кейін барлық негізгі билік институттарында дәйекті түрде қайта жаңарту процесі басталды. Алдағы парламенттік сайлау осы процестің жалғасы болып табылады. Біздің еліміз демократиялық жоғары стандарттар мен ережелерге, оның ішінде Копенгаген құжатына сәйкес еркін және әділ сайлау өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап келеді және сайлау процесінің барлық салалары бойынша ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен сындарлы ынтымақтастыққа дайын», – деп атап өтті Сенат депутаты.
Сенатор сондай-ақ Беларусь Республикасынан, Румыния Республикасынан, Жерорта теңізі елдерінің Парламенттік Ассамблеясынан келген байқау миссияларының өкілдерімен де кездесті.