Инженерлік-саперлік полктің мамыр айында шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері «Шығыс» полигонында алғаш рет жарылыс жұмыстарын орындады, деп хабарлайды «Думан Ақпарат».
Мамандық бойынша дайындық шеңберінде полигонға келген инженерлік-саперлік полктің жауынгерлеріне қауіпсіздік шаралары бойынша теориялық сабақтар өткізілді. Теориялық білімді толықтай игерген сарбаздар бір кісідей білек түріп, тәжірибелік сабақтарға дереу кірісті. Әрбір сапердің қолына жарылғыш заттар мен жинақтауыштар берілді. Осы орайда нұсқаушылар жарылғыш заттармен жұмыс істеу ережелері мен олардың қасиеттері туралы егжей-тегжейлі баян етіп, содан кейін жарылғыш заттарды құрау тәсілдерін көрсетті.
Теориялық тұрғыдан тыңғылықты дайындалған жауынгерлер бірінші мүмкіндіктен жарылғыш заттарды жоспардағыдай жара білді.
– Шынымды айтсам, қандай да бір қорқыныш болды. Себебі жарылғыш зат тез тұтанып, жарылғанша қауіпсіз аймаққа жетуге үлгере алмай қалатындай сезім кештім. Бірақ командирлер бәрін түсіндіріп, мұқият көрсетті. Фильмдерде көргенімдей оңай емес. Мен сапер емтиханынан өткенімді мақтан тұтамын, – деп атап өтті қатардағы жауынгер Жан Наурызов.
Тәжірибелік сабақтар аяқталғаннан кейін офицерлер мен сержанттар өз сарбаздарын алғашқы диверсиялық жұмыстарымен құттықтады.