ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшілігіне барып, шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
БАӘ елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикимен кездесу барысында Үкімет басшысы шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы достық қатынастарды дамытудағы баға жетпес үлесі мен ерекше рөлін атап өтті.
«Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян көреген әрі дана саясаткер ретінде ғибаратты ғұмырын Біріккен Араб Әмірліктерінің көркейіп кемелденуіне, халқына риясыз қызмет етуге арнады. Оның билігі тұсында ел көптеген салаларда өркендеп, дами бастады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жеке өз атымнан шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның дүниеден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына, Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметіне және халқына аса ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», — деді Әлихан Смайылов.
Елшілікте ҚР Премьер-Министрі көңіл айту кітабына жазба қалдырды.