Қоғам

Аягөзде соғыс ардагері 100 жасқа толды

Ұлы Отан соғысының ардагері, Аягөз қаласының Құрметті азаматы Қабден Смағұлов 100 жасқа толды. Осыған орай гарнизондағы танкистер құрамасының басшылығы қарияны ғасыр жасымен құттықтады, деп хабарлайды Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.

Қабден ақсақал Аягөз өңірінде қалған жалғыз майдангер. 19 жасында соғысқа аттанған. Мәскеу түбіндегі шайқасқа, Польшаны азат етуге қатысып, майдан даласында екі рет жарақат алған. Ерлігі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Жеңісті Польшаның Прага қаласында қарсы алған жауынгер Қабден Смағұлов 1945 жылы туған жеріне аман-есен оралып, ауданда ұзақ жылдар ұстаздық етіп, зейнетке шыққан.

– Отан үшін от кешкен майдангерлер бізге бейбіт күнді тарту етті. Бүгінде қатары сиреген 41-дің солдатына құрмет көрсету, олардың ерлігіне тағзым ету – жас ұрпақтың парызы, – деді әскери бөлім командирінің орынбасары майор Бақытжан Серәлиев.

Ғасыр куәгері жастардың туған еліне адал қызмет етуіне тілектестік білдіріп, ақ батасын берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button