БастыСаясат

ҚР ИИДМ басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер транспорт министрлерінің тоғызыншы кездесуіне қатысты

Алқалы басқосу Өзбекстанның төрағалығымен Хива қаласында өтті, деп хабарлайды ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі.  

Жиында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ШЫҰ аймағында транспорт саласындағы өзара тиімділікке негізделген ынтымақтастықты нығайтуға байланысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Сондай-ақ ведомство басшысы елдегі тауар тасымалының бүгінгі өсімі турасында баяндап, республиканың өз транзиттік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында, автокөлік және темір жол тасымал дәліздері мен Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту тұрғысындағы нақты қадамдар туралы жан-жақты әңгімеледі.

«Транспорт саласындағы жаһандық өзгерістер кезеңінде Қазақстан көлік дәліздерінің транзиттік әлеуеті мен инфрақұрылымын дамытуға үлкен басымдық беруде. Бұл өз кезегінде транзиттік тасымалдың жылдамдығы мен сапасын арттыруға тың серпін бермек. Соңғы 15 жылда Қазақстанда тасымалдау саласына 35 млрд. доллар көлемінде қаржы бөлініп, 2 жарым мың шақырымды құрайтын жаңа темір жол пайдалануға берілді. Сонымен қатар 13 мың шақырымнан астам автокөлік жолдары салынып, қайта жөнделді», – деді Қ. Өскенбаев.

Қайырбек Өскенбаев өз сөзінде бүгінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында контейнерлік хабты құру, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінің инфрақұрылымын жетілдіру бағыттарында атқарып жатқан ауқымды шараларын назарға алды. Сондай-ақ ол мемлекеттік шекарадан өткізу пунктерінің белсенділігін арттыру орайында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары мен модернизацияға да тоқталды.

Спикер Қазақстан алдағы уақытта өзара әріптестікті арттыру мен тиімді көлік дәлізін құру бағытындағы ынтымақтастықты, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің автокөлік жолдарын дамытуға байланысты барлық бастамаларын қолдауға мүдделі екендігін жеткізді.

Транспорт саласындағы министрлердің тоғызыншы кездесуі барысында делегация басшылары көпжақты тасымалдауды дамытудағы ынтымақтастықтың тиімді тұстары мен қазіргі жағдайы жайында пікір алмасты. ШЫҰ-ның транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланудың басымдықтарына тоқталып, жүк тасымалдау саласын цифрландыру мен тасымалдау үдерісінің бірыңғай ақпараттық кеңістігін құрудың маңызды тұстарына назар аударды.

Сонымен қатар жиын барысында ШЫҰ кеңістігінде аймақтық логистикалық орталықтар құру мен олардың құрылысына қолдау көрсету туралы, халықаралық жолаушылар тасымалы кезінде қатаң эпидемилогиялық талаптарды біртіндеп алып тастау жайында өзара уағдаластыққа қол жеткізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.

Қатысушылар транспорт саласында тиімді ынтымақтастықты дамыту мен нығайту бойынша арнайы жұмыс тобын құруды мақұлдап, тасымалдау және логистика салаларындағы тұрақты өзара ықпалдастықты арттыруға бағытталған бірқатар келісім, меморандум мен концепцияларды қайта қарады.

Жиын қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button