БастыҚоғам

Нұр-Сұлтанда ҰОС батырларының құрметіне «Естелік тақта» ашылды

Нұр-Сұлтанда Отан қорғаушылар мен Жеңіс күндері қарсаңында Ішкі істер министрлігінің Мемориалдық кешені ашылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, елорда әкімі Алтай Көлгінов, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, ішкі істер органдары және ведомство қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатысты.

«Бұны сұрапыл Ұлы Отан соғысының кезінде елі үшін, халқы үшін жанын пида еткен, өмірін қиған талай қазақ батырларына, сол Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың бәріне, соғыста жеңіске жету үшін тылда еңбек еткен, ерлік жасаған біздің халқымыз үшін қойылған үлкен ескерткіш деп қарастыруымыз керек деп ойлаймын», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Мемориалдық кешен Жеңістің 77 жылдығына орай және Отанын қорғап, ерлік көрсеткен ішкі істер органдарының қызметкерлері – қазақстандық жауынгерлердің құрметіне салынды.

«Құрметті ардагерлер! Сіздер осы батыр-бабаларымыздың ерлігін ары қарай осы бейбіт өмірде жалғастырып, біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбек еттіңіздер. Сіздерге алғысымыз шексіз. Сіздердің қызметтеріңізді қазіргі саптағы полиция мамандары жалғастыруда. Бұл – абыройлы қызмет», – деп атап өтті қала әкімі Алтай Көлгінов.

Жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айта кету керек, Ұлы Отан соғысына 1,5 млн-нан астам қазақстандық қатысты, олардың жартысынан көбі майдан даласынан елге оралған жоқ. 500-дей отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанып, 124-і – «Даңқ» орденінің толық иегері болды.

«Отан үшін от кешкен бабалардың рухына қызмет ету – әрқашан да парызымыз. Толқынды толқын қуады дейді. Қазақ айтады «Тұлпардың дүбірін естімеген тай арғымақ бола алмайды» деп. Сондықтан бүгінгі іс-шара – болашақ ұрпаққа үлгі. Еліміздің тыныштығын, құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауға бүкіл күш-жігерімізді саламыз», – деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Батырлардың есімі өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгілікке қалары сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button