Аягөздегі полковник Ұран Абиталимов басқаратын әскери бөлімде Қарулы күштердің 30 жылдығы аясында ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.
Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызметтің беделін арттыру және жастарды әскери борышын өткеруге ынталандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Оған қаладағы мектеп-гимназия оқушылары мен білім басқармасының өкілдері қатысты.
Оқушылар әскери киім үлгілерімен, қару-жарақпен және жауынгерлік техника түрлерімен танысты. Бөлімнің тәрбиеші офицерлері әскери тәртіп, сондай-ақ жауынгерлік және оқу-жауынгерлік тапсырмалар туралы айтып берді.
– Мұғалімдеріміз әскери бөлімге барып, жауынгерлердің қызметімен жақын танысуға болатынын айтқанда, қуана келістім. Мені әскери адамдардың өмір қызықтырады. Бүгін қару-жарақтарды, ауыр техникаларды жақыннан көре алдық. Уақыты келгенде мен де әскери борышымды өтеуге еш ойланбастан баратын боламын, – дейді гимназия оқушысы Сұлтан Есентаев.
Шара соңында ұстаздар мен оқушылар бөлім басшылығына алғыстарын айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.