БастыҚоғам

Елорда мектептері мен көшелеріне тұлғалардың есімі беріледі

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакеновтың төрағалығымен ономастикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Комиссия құрамына көрнекті ғалымдар, ҚР Парламенті Мәжілісінің және қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақындар мен жазушылар қатысты. Олардың қатарында Дархан Мыңбай, Өмірзақ Озғанбаев, Бүркітбай Аяған, Жамбыл Артықбаев, Марат Әбсеметов, Дәулеткерей Кәпұлы және т.б. болды.

Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп көшелерге, саябақтар мен нысандарға атау беруге қатысты жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер бойынша баяндама жасады.

Отырысқа қатысушылар ономастика саласындағы жұмысты жүйелендіру мәселесін қозғап, көшелерге Нұркен Әбдіров, Шерхан Мұртаза, Сафуан Шаймерденов, Нұрлан Балғымбаев, Тұрсынбек Кәкішев есімін беруді, сол сияқты елорда мектептеріне Талғат Бигелдинов, Мағжан Жұмабаев, Темірбек Жүргенов есімдерін беру жөніндегі ұсыныстарды мақұлдады.

Берік Жакенов өзінің қорытынды сөзінде ономастикалық жұмыс мемлекеттік саясатта маңызды орын алатынын, оның Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтудағы, ұлттық мәдениеттің дамуындағы, халықтың менталитетінің ерекшеліктерін сақтаудағы даусыз рөлін атап өтті, сондай-ақ көшелер мен объектілерді атау кезінде елордамыздың ерекше мәртебесін ескеруге шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button