БастыҚоғам

Елордалық жассарбаздықтар Тоқтар Әубәкіровпен кездесті

Бүгін ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында тұңғыш қазақстандық ғарышкердің ғарышқа ұшуының 31 жылдығына орай қала әкімдігінің қолдауымен «Жас Сарбаз» қозғалысының ұйымдастыруымен «Кітапқа енбеген тарих: ғарышқа жол» ерлік сабағы өтті. Шара аясында алғашқы қазақстандық ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров жассарбаздықтармен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері, генералдар, аудан әкімдері, «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері қатысты.

Тоқтар Әубәкіров кездесуге қатысушыларға арнап ғарышкерлердің өмірінен сыр шертті, отансүйгіштікке тәрбиелейтін өнегелі әңгімелер айтты.

«Біздің мұғалімдер баланы оқулық арқылы ғана тәрбиелеу мүмкін емес екенін түсінуі керек. Кітап әрине, жақсы, бірақ бала тәжірибе арқылы ғана есінде жақсы сақтайды. Балалар жұқа мата сияқты, бәрін бірден сіңіріп алады. Оларға тек дұрыс бағыт беру керек», – деді Тоқтар Әубәкіров.

«Ғарышкеріміздің мектепте білім алу керек, партада қоңыраудан қоңырауға дейін уақыт өткізу үшін отырмау керек деген сөзі айрықша әсер етті. Мұндай кездесулер жасөспірімдерге алдына нақты мақсат қоюына және қиындықтарға қарамастан қол жеткізу үшін ұмтылуға әсер етеді», – деп бөлісті жассарбаздық Ерасыл Әбікенов.

«Жас Сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері тұңғыш ғарышкердің мазмұнды және қызықты әңгімелерін ерекше ынтамен тыңдап, қызықты сұрақтарын қойды.

Кездесу ғарышкерлер күніне арналған «Ғарышқа жол» көрмесінің ашылуымен жалғасты.

Сонымен қатар «Жас Сарбаз» қозғалысының елордалық филиалы «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ тәрбиеленушілері үшін арнайы экскурсия ұйымдастырды. Оларды сол жерде шығарылған техникалармен және технологиялармен таныстырды, сол сияқты ғарышкерлер ғарыш кеңістігінде пайдаланған заттар мұражайда көрсетілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button