БастыСаясат

Үкіметте 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы таныстырылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, энергетика министрі Болат Ақшолақов, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Атамекен» ҰКП басқарма басшысының м. а. Нариман Әбілшайықов баяндама жасады.

Үкімет басшысы 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласындағы тәсілдерді жаңарту мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Мәселен, жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындар маңында ШОБ-ты дамытуға жағдайлар жасау есебінен өнеркәсіп пен кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтуды ұлғайту жоспарланып отыр. АӨК саласында жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында қосалқы үй шаруашылықтарын құру, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беру тетіктерін кеңейту шаралары қарастырылған.

Премьер-Министр барлық мемлекеттік органдардың алдына ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті қойылып отырғанын атап өтті.

«Азаматтарымыз Үкіметтің кірістерді сақтау және ұлғайту, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ жұмысқа орналастыру және қайта оқыту жөніндегі барлық шаралары туралы кеңінен хабардар болуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.

Министрлер кабинетінің басшысы, бағдарлама іс-шараларын, оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуды сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Индустрия, ауыл шаруашылығы, энергетика министрліктеріне және өңірлердің әкімдіктеріне жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнестің ілеспе субъектілерін дамыту мақсатында өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін пысықтау тапсырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, еңбек табысындағы теңгерімсіздікті жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау жүктелді. Салалық мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» қоры, әкімдіктер қызметкерлердің жалақыларын орташа салалық деңгейге дейін арттыруы, сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын көтеруді қамтамасыз етулері тиіс.

Ұлттық экономика министрлігіне негізгі капиталға инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру бойынша KPI негізінде мемлекеттік органдардың, барлық деңгейдегі әкімдіктердің тиімділігін бағалауды және рейтингін жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Жалпы, 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын Министрлер кабинетінің мүшелері кейбір түзетулерді ескере отырып қабылдады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button