Елорданың еңбек ұжымдары «Астана Опера» спектакльдеріне шақырту алады

«МәдениЕл» атты мәдениет саласын танымал етудің жаңа жобасы аясында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының үздік опералық және балет қойылымдарына бюджеттік еңбек ұжымдарының өкілдері шақырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің бастамасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, 9 ақпаннан бастап «Астана Опера» театрымен бірлесіп жүзеге асыруда.

«Еліміздің мәдени жетістіктерін дәріптейтін «МәдениЕл» бағдарламасы мәдениет саласына көптеген азаматтарды тартуға арналған. Осы мақсатта жүйелі негізде демеушілік қаражат есебінен әрбір қойылымға 300 адам – бюджет саласының қызметкерлері шақырылатын болады. Мұндай тәжірибе елорда тұрғындарын мәдени демалыспен қамтып қана қоймай, «Астана Операның» әлемнің танымал театрларымен бір деңгейде екенін тұрғанын паш етеді», – деді «Астана Опера» МОБТ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Мәселен, Петр Чайковскийдің «Лебединое озеро» әлемдік балетінің қойылымына білім беру, денсаулық сақтау, полиция, төтенше жағдайлар және коммуналдық сала департаментінің қызметкерлері шақырылды.

«Шынымды айтсам, театрға сирек барамын. Күнделікті күйбей тіршіліктен уақыт тауып бару қиын. «Астана Опера» театрына алғаш рет келіп отырмын. Бүгін арнайы шақырылғанымыз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бұл орын мені өзінің сұлулығымен, сиқырлы әуенімен, мың бұралған бишілерімен таң қалдырды. Алдағы уақытта тағы да келгім келеді, жақында опера үнін тыңдау үшін қайта келемін деп ойлаймын», – деп бөлісті елорданың әлеуметтік мекемесінің тәрбиешісі Жанерке Бекбаева.