Нұр-Сұлтанда бір түнде жаңбырдың жарты айлық мөлшері жауған
Нұр-Сұлтанда бір түнде жаңбырдың жарты айлық мөлшері жауды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазгидрометтің мәліметінше, 16 маусымға қараған түні 22 миллиметр жаңбыр жауды, ал айлық мөлшер – 37 миллиметр.
«Бұл айлық мөлшердің жартысынан көбі. Жауын-шашын суын сорғытуға 100-ден астам арнайы көлік жұмылдырылды, олар ассенизаторлық көліктер, мотопомпалар, су сору құралдары. 150 мың текше метрден астам су сорғытылды. Қала көшелерін су басуына жол бермеу үшін әкімдік нөсерлік кәріз құрлысы бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мысалы, Б.Момышұлы даңғылы қаладағы проблемалы учаскенің бірі. Аталған учаскедегі су басу проблемасы биылғы жазда шешімін табады – көшеде нөсерлік кәріздің магистральдік коллекторының құрылысы жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Аталған кәріздің ұзындығы шамамен 500 метр, басы Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін жалғасады (Б.Момышұлы даңғылы бойында) екен. Осылайша аумақта жауын-шашын кезінде су басу мәселесі толығымен шешіледі дейді әкімдіктегілер.