БастыМәдениет

«Алтын домбыра – 2021» иегері анықталды

2021 жылдың 11-12  желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласы, Qazaqstan орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік қасиетім, қастерлім!» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Nur-Otan   партиясының қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігі «Алтын домбыра» Республикалық ақындар айтысын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырып отыр.

Көптен күткен айтыстың ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сөз сөйледі.

«Біздің міндетіміз – халқымыздың қасиетті айтыс өнерін құрметтеу және қайта жаңғырту, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру», – деді ол.

Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың осы бір үлкен жыр додасында Nur-Otan»   партиясы Төрағасының Бірінші Орынбасары Бауыржан Байбек сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.

Осы кеште айтыстың  қазанында қайнап жүрген 16 ақынды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Мұндай үлкен марапатқа ие болғандардың ішінде: үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов, айтыс ақындары Шұғайып Сезімхан, Нұрмат Мансұров, Төлеген Жаманов, Марат Ахметов, Кенжебай Жүсіпов, Қанат Мызаханұлы бар.

Аталған дүбірлі додаға көрнекті өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері»,  «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері  – Асанәлі Әшімұлы Әшімов төрағалық етті. Сонымен қатар, айтыс ақыны, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, айтыс ақыны Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев және өзге өнер, қоғам қайраткерлері қазылық етіп, 22 ақыннан финалға 12 ақынды жүйрік деп таныды.

12 желтоқсан күні ақтық мәреде  Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая МусинаЕркебұлан Қайназаров, Жігер Бөкен, Қайдаров Рауан, Білдәшов Қалижан, Бауыржан Ширмединұлы, Жаманов Төлеген, Қару Нұрзат, Сұлтанхан Мейірбек, Арғынбек Қалбаев сынды ақындар айтысты.

Нәтижесінде 2021 жылдың «Алтын домбыра» иегері Бекарыс  Шойбеков деп танылды, Ал І орынды Еркебұлан Қайназаров иеленді, ІІ орын Мейірбек Сұлтанұлы, ІІІ орынды Рүстем Қайыртайұлы мен Жансая Мусина бөлісті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button