Аягөз гарнизонының әскери полиция бөлімінде түрлі қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіру және әскери бөлімдердегі қатерлерді азайту алгоритмдерін түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.
Аталмыш түсіндіру жұмыстарын Аягөз гарнизонына арнайы іссапармен келген Әскери полиция бас басқармасының әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау басқармасының аға офицерлері әділет полковнигі Бағдат Тоғаев пен капитан Бақытжан Әділбеков өткізді.
Бес күнге жоспарланған жұмыс аясында Әскери полиция бас басқармасының өкілдері гарнизондағы жеке құрамға Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларының негізгі ережелері мен талаптарын жеткізді. Сондай-ақ «Әскери қызмет қауіпсіздігін бақылау мен алдын алудың бірыңғай жүйесі», «Әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жағдайын талдаудың бірыңғай жүйесі» және «қауіпсіздік шаралары бойынша кешенді сабақтар өткізудің әдістемелік негіздері» тақырыптарында нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізді.
– Әскери полиция бас басқармасы мен органдары өткізетін осы және басқа да іс-шаралар бірінші кезекте әскери қызмет қауіпсіздігі саласындағы негізгі қағидаты – қызметтік іс-әрекет нәтижелеріне қатысты әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығының басымдығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігі Бас штабының және Әскери полиция бас басқармасының басшылығы әскери қызметтің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге көп көңіл бөлуде. Жалпы әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әскери полиция органдарының басты міндеті, – деді ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасының әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау басқармасының аға офицерлері әділет полковнигі Бағдат Тоғаев.
Жоспарлы түсіндіру жұмыстары соңында әскери бөлім командирлеріне Аягөз гарнизонындағы әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша әдістемелік ұсынымдар беріп, тыңдаушы тараптардың бірқатар сауалдарына жауап берді.