БастыЭкономика

Биыл бизнес-идеяларды іске асыруға 500-ден астам грант бөлінді

2021 жылы елордалық 539 бизнес жоба жаңа идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 2021 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 541 мемлекеттік грант беру үшін қаражат бөлінген. Оның ішінде 539 жоба мақұлданды.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларына беріледі. Грант өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде бөлінеді. Биыл оның сомасы 583 400 теңгені құрады.

«Халықты жұмыспен қамту орталығы грант иегерімен шарт жасалған күннен бастап 12 ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес, грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда, Халықты жұмыспен қамту орталығы ҚР заңнамасына сәйкес осы қаражатты қайтару бойынша іс – шаралар өткізеді», – деп хабарлады бейінді басқармадан.

Жұмыссыздар да, кәсіпкерлер де (мемлекеттік грантқа өтініш берген сәтте заңды тұлға ретінде тіркелу мерзімі бір жылдан аз уақытты құрайды), өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеген, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе бірінші бағыт (қысқа мерзімді кәсіптік оқыту) шеңберінде оқуын аяқтаған адамдар мемлекеттік грантқа үміткер бола алады. Соның ішінде грантты АӘК алатын аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері ала алады.

Айта кету керек, биыл мақұлданған бизнес-жобалардың 50% — дан астамы тігін және тамақ өнеркәсібі салаларына жатады, 40% – қызмет көрсету саласындағы жобалар, шамамен 10% – өндірістік жобалар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button