Басты

2022 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 30%-ға өседі

2022 жылы дәрігерлердің жалақысын көтеруге бюджеттен 361 млрд теңге қаржы бөлінеді, деп хабарлады Elorda.info.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, бұл Президент Жолдауында берілген тапсырма аясында жүзеге асырылып отыр.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде 2020-2025 жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған», – дейді ол.

Тоғжанов ұсынған деректерге сүйенсек, осы жылдың 1 қаңтарынан  247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өскен. Соның ішінде дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға (246,1 мыңнан 319,9 мың теңгеге), орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға (144,6 мыңнан 173,5 мың теңгеге) артып отыр.

Вице-премьердің айтуынша, 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысын орташа жалақыға қатысты 2,5 есеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Осы мақсатқа бюджеттен 2021 жылға – 222,3 млрд теңге, 2022 жылға – 361,7 млрд теңге, 2023 жылы 557,4 млрд теңге көзделген.

Сондай-ақ вице-премьер дәрігерлерге 1 тамыздан КВИ-ге байланысты төленетін үстемеақыны 50 пайызға төмендету, ал 1 қазаннан бастап жалақыны көтерудің жаңа әдістерін айқындай отырып алып тастау туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау және ынталандыруды жалғастыру мақсатында осы жылдың 1 қазанынан тәуекел тобына байланысты белгілі бір мамандықтарға жалақыны арттыру іс-шаралары қабылданды. 2021 жылдың 1 қазанына дейін КВИ-ге байланысты бұған дейін төленіп келген үстемеақы уақытша төлем болатын. Ал жаңа әдісте көзделген үстемеақы қызметкер жалақысының негізгі бөлігіне қосылады және тұрақты түрде төленеді», – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button