БастыМәдениет

Филармонияда Қазақстан және Испания композиторларының «Классикалық музыка кеші» өтті

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі Қазақстандағы Испания елшілігімен бірге кеш өткізді. Екі ел композиторларының үздік шығармалары орындалған концертте Ғазиза Жұбанованың Мерекелік увертюрасы, Хоакино Родригоның «Aranjuez» гитара мен оркестрге арналған концерті (гитара – Александр Геер), Мануэль де Фальяның «El Amor brujo» балетінен үзінді, сондай-ақ Камиль Сен-Санстың виолончель мен оркестрге арналған № 1 концерті (виолончель – Габриэль Уренья) орындалды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Берік Батырхан, бас дирижері- Ернар Нұртазин.

Кештің құрметті қонағы – халықаралық байқаулардың лауреаты, астуриялық виолончельші Габриэль Уренья. Ол Италия, Франция, Швейцария, Германия, Норвегия, Ұлыбритания, Австрия, Литва, Оңтүстік Корея және т.б. елдердің киелі сахналарында солист ретінде өнер көрсеткен.

Виолончель тарихындағы маңызды оқиғаның бірі – пианист Патси Айзпиримен бірге «ARIA Classics» дыбыс жазу компаниясымен алғашқы компакт-дискіні шығару болды. Дискіге Сергей Прокофьев, Дмитрий Шостакович, Сергей Рахманиновтың шығармалары, «Orquesta Filarmónica of Málaga» оркестрі, Боготадағы Колон театрындағы Колумбия ұлттық оркестрі концерті, сондай-ақ Сервантес театрындағы «Málaga Clásica» фестивалі кезіндегі бейнероликтер енген.

Кеште Халықаралық байқаулардың лауреаты Александр Геер гитарамен өз өнерін көрсетті.

Кешке келген Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хорхе Урбиола тыңдаушыларды түрлі елдердің музыкалық мәдениетімен таныстыратын және музыканттардың шығармашылық тәжірибе алмасуына ықпал ететін осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«18 қараша күні «Классикалық музыка кеші» ұсынылды. Мұндай концерттер мәдениет саласындағы Қазақстан және Испания қарым-қатынасының одан әрі дамып, нығаюына ықпал етеді» – деп ұйымдастырушылар мен әртістерге алғысын жеткізді.

Өз кезегінде филармонияның бас директоры Ерлан Дакенов «Көрермендер асыға күткен «Классикалық музыка кеші» отандық және шетелдік музыканттардың Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына үлкен тартуы болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі музыканттар тек онлайн ғана емес, сонымен қатар халық алдында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Тәуелсіздік бізге шалқар шабыт, көптеген талант сыйлады. Аталмыш концертте соған бәріміз куә болдық» – деді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button