Шортандыдағы газ баллонының жарылу себептері анықталды
Шортанды кентіндегі үш пәтерлі үйде газ баллонының жарылуына не себеп болған? Бұл туралы брифингіде Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов мәлім етті
«Алдын ала анықталғандай, өрттің шығуына қарапайым өрт қауіпсіздігі, яғни газ құрылғысын пайдалану ережесінің сақталмауы себеп болған. Қазіргі кезде сараптама тағайындалып, зерттелуде. Жарылыс салдарынан тұрғын үйдің шатыры мен пәтерлерді бөліп тұратын ішкі қабырғалар опырылып түсті. Газ баллоны жарылған пәтерде бір отбасы тұрған. Сол күні онда қонақ шақырылған. Зардап шеккендердің барлығы сол үйдің тұрғындары емес, арасында балаларымен бірге қонаққа келгендер де бар. Көрші пәтердегі адамдар зардап шеккен жоқ. Оларға тек материалдық шығын келді», – деді Манарбек Шапағатов.