БастыЭкономика

Атамқұлов көлік бағасының не себепті қымбаттағанын айтты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов елдегі көліктердің қымбаттауына не себеп болғанын айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Министрдің айтуынша, көлік бағасы тек Қазақстанда ғана қымбаттап жатқан жоқ.

Көршілес елдерде дәл осындай өсім бар, мәселен, Ресей мен Қытайда, Еуропа елдерінің нарығында да қымбаттау байқалды.

«Көбісі Қазақстанда шығарылатын негізгі маркаларға сілтейді, бірақ сонымен бірге BMW, Mercedes, Toyota сияқты маркалар мен Қазақстанда мүлдем шығарылмайтын басқа маркалардың бағасы көтерілді», – деді министр.

Оның айтуынша, көліктердің қымбаттауына бірінші кезекте тұрғындар тарапынан сұраныстың қалпына келуі әсер етіп отыр.

«Біріншіден, бұл қалыптасқан сұраныс. Бұл кейінге қалдырылған сұраныс. Естеріңізде болса, пандемия кезінде адамдар үйде отырды, банктер жұмыс істемеді, адамдар пәтер ақысын да төлей алмады. Тек азық-түлік дүкендеріне бара алды. Көптеген көлік салоны мен туристік қызметтер құлдырады. Қазір карантин шаралары жеңілдегендіктен, сауда қызметтерінде өсім көп. Дәл осы кезде сұраныс арта бастады», – деді Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, чиптер мен электронды схемаларды жеткізу тізбегінің бұзылуы да бағаға әсер еткен.

«Бұл тауарлардың негізгі жеткізушілері – Тайвань, Қытай, олар АҚШ-тың қытайлық тауарларға салған санкцияларына ұшырады. Оған қоса, шикізатты жеткізу, чиптерді өндіру, чиптер кәсіпорындарға жеткізілмеді және көптеген еуропа және жапон автомобиль кәсіпорындары, соның ішінде корей автомобильдері жинақтарын шығаруды тоқтатты», – деп қосты министр.

Сонымен қатар, ол сыртқы факторларға қарамастан, қазақстандық автоөнеркәсіп өсім көрсетіп отырғанын айтты: биыл 65 мың автокөлік шығарылды, 2020 жылы 53 мың автомобиль шығарылған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button