Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын – монополияға қарсы комплаенсті бұзудың алдын алу бойынша қабылданған шаралар шеңберінде «Magnum Cash&Carry» ЖШС сауда желілері «Скиф Трейд» ЖШС, «METRO Кэш энд Керри» ЖШС, «Анвар» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшерін 15%-дан 10%-ға дейін өз еркімен төмендетті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілгендей сатып алу бағасының 15 пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді.
Сонымен қатар, нарық субъектілері қабылдаған монополияға қарсы комплаенс әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу нарығындағы соңғылардың адал бәсекелестікті сақтау бөлігіндегі мінез-құлық қағидаларын белгілейді. Осылайша, аталған нарық субъектілері бәсекелестікті шектеуге бағытталған бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттер мен картельдерге, оның ішінде өнімдерге негізсіз бағаларды белгілеу және ұстап тұру бойынша қатысуға жол бермеу бойынша міндеттемелерді өзіне алды.
Нұр-Сұлтан қаласының шекараларында әлеуметтік маңызы бар өнімдерді өткізу нарығында жоғарыда көрсетілген субъектілердің үлесі 88%-ды құрайды, бұл оларға сатудың жалпы шарттары мен баға деңгейіне ықпал етуге мүмкіндік береді.
Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы кәсіпкерлерді азық-түлікке жоғары үстемеақы белгілеу фактілерін уәкілетті органдарға хабарлауға шақырды.