Түркістан облысында банк қызметкері мен оның сыбайласы 100-ден астам ауыл тұрғынына несие рәсімдеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам ауданында тәртіп сақшылары аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдіктілерді ұстады. Нақтырақ айтсақ, Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданады. Әйелдің айтуынша, өзге біреу оның атынан 3,5 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген. Банктен қарызыңызды төлеңіз деген хабар келгенде тұрғын, бірден полицейлерден жәрдем сұрайды.
Аталған жайт ҚК 190-бабы (Алаяқтық) қылмыстық құқықбұзушық бойынша тіркелді. Орын алған қылмысты ашып, кінәліні табу мақсатында сайрамдық сақшылар шұғыл іске кірісті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер, күдіктіні бір күнде анықтап, ұстады. Ол жергілікті тұрғын, жұмыссыз жас қыз болып шықты. Тергеу кезінде бұл қылмысқа банк қызметкерінің де қатыстылығы анықталып, полицияға жеткізілді.
Анықталғандай, барлық жайттарда күдіктілер бір жүйемен жұмыс жасаған. Алаяқ жас қыз ауылдастарына, таныстарына “мемлекет тарапынан әр балаңызға 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек алуға қажет құжаттарды жинақтап беремін” деп алдаған. Содан өзіне сеніп құжаттарын берген жәбірленушілердің жеке мәліметтерін арам ойын іске асыру мақсатында пайдаланған. Яғни жәбірленуші әйелдердің құжаттарымен банктегі сыбайласына несиеге сұраныс тастап, оңай алып отырған. Белгілі болғандай, күдікті екеудің бұдан бөлек 100-ден астам алаяқтыққа қатысы бар болып шықты. Яғни күдіктілер өзгелердің атынан 300 миллионға жуық несие рәсімдеп, ақшаларын өз пайдаларына жаратып жіберген.
Қазіргі таңда күдікті жас қыз бен бұрынғы банк қызметкері қамауға алынды. Тергеу Сайрам АПБ-мен жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жеке мәліметтеріңізді ешкімге айтпаңыздар, көрсетпеңіздер деп ескертеді.