БастыМәдениет

Елордада «ТеатрALL» театр фестивалі басталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Нұр-Сұлтанда «ТеатрALL» театр фестивалі басталды. Оған 12 елордалық және Ресейден шақырылған 2 театр қатысады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Театр фестивалі елордада 28 қазан мен 3 қараша аралығында өтеді. Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Фестиваль аясында «Астана Балет» театрының, «Қанаттылар» инклюзивті театрының, «Жастар» театрының, «Astana Musical» мемлекеттік театрының, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының, Музыкалық жас көрермен театрының, «Наз» мемлекеттік би театрының, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының, қуыршақ театрының, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының, «А.И.» театрының, «Современник» халықтық жастар театрының әртістері өз қойылымдарын көрсетеді.

Ауқымды іс-шараның құрметті қонақтары – Малая Броннаядағы Мәскеу драма театры және С.Образцов атындағы Мемлекеттік академиялық Орталық қуыршақ театры.

Бүгін «Астана Опера» театрында фестивальдің ашылуына орай баспасөз конференциясы өтті. Оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешева, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, өнертану докторы, профессор, театр сыншысы, Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының президенті Лаша Чхартишвили қатысты.
«Фестивальдің негізгі міндеті – әртістеріміздің, театрларымыздың шығармашылық ұжымдарының әлеуетін біріктіру. Республиканың барлық 56 театрын біріктіру, еліміздің барлық өңірінен ұжымдарды шақыру идеясы болды. Алайда, шектеулерге байланысты бұл ойымызды орындай алмаймыз. Бірақ біз бұл фестивальді дәстүрлі және жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келген кезде еліміздің барлық өңіріндегі театрларды шақырып, кеңістігімізді кеңейтіп, шығармашылықты, өнерді насихаттауды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы әлем бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып, жағдай жақсарған кезде еліміздің барлық өңірінің басын қосып, халықаралық деңгейде театр фестивалін өткізе аламыз деп үміттенемін. Біраз шетелдік театр әкімдік пен Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, фестивальге қатысқысы келеді», – деп атап өтті Асхат Оралов.

Оның айтуынша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай фестиваль аясында қатысушылар 30-дан астам үздік қойылым көрсетеді. Сонымен қатар, ол іс-шараларға қатысқан барлық әртіс 100% вакцина алғанын айрықша атап өтті.

«Бүгін елордамызда үлкен мереке – театр фестивалінің ашылуы өтіп жатыр. Оны «Қыз Жібек» операсы ашатыны қуантады. Бұл мен үшін ерекше жайт. Мұндай фестивальдің халық үшін, шығармашылық адамдар үшін орны ерекше. Әсіресе студенттер мен жастар үшін бұл үлкен шеберлік сабағы болмақ, өйткені олар өнерді өз көзімен көріп, естуі керек», – деді Меруерт Өтекешева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль алаңында опера, балет, музыкалық-драмалық және балалар спектакльдері қойылады. Әр қойылымнан кейін сараптамалық кеңес мүшелері – театр сыншылары – талқылаулар өткізеді.

«Қазақстанда болып жатқан театр өнерімен жақсы таныспын. Нұр-Сұлтан тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның театр мәдениетінің орталығы болып саналады. Қазақстанда көптеген фестиваль өтті. Мұндай фестиваль әртістерге, режиссерлерге шығармашылығын дамытуға, жаңаруға көмектеседі. Қазір пандемия дәуірінде театр процесі жаңарып, жаңа нәрсе басталды. Мұнда болу мен үшін өте қызық. Ұйымдастырушыларға бастамашылық еткені үшін алғыс айтамын», – деді Лаша Чхартишвили.

Театр апталығының алаңында қойылымдардан басқа мемлекеттік академиялық неміс драма театрының көркемдік жетекшісі Наташа Дубстың актерлік шеберлігі бойынша мастер-кластар, «Byterekte» заманауи өнер көрмелері және Лейла Махаттың бейнелеу өнері галереялары өткізіледі.

Сонымен қатар, фестиваль барысында 1 қараша күні сағат 11.00-де «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында «Қазақстанның заманауи театр процесі: мәселелер мен шешу жолдары» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.

Сол сияқты фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі кезінде 1 қараша күні Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «ТеатрALL» бірінші театр сыйлығы табысталады. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылы сараптамалық кеңестің шешімімен 30 номинация бекітілді.

Ауқымды іс-шараны ұйымдастыру кезінде жалғасып жатқан пандемияға байланысты барлық қатысушылар мен қонақтардың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, залдарға кіру тек Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады, термометрия жүргізіледі, әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін белгілер орнатылады, сондай-ақ маска режимі қарастырылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button