происшествие

Аягөз гарнизонында 300-ден аса мерзімді қызметтегі сарбаздар запасқа шығарылды

Аягөз гарнизонына қарасты танк және артиллерия әскери бөлімдерінің 300-ден аса мерзімді қызметтегі сарбазы запасқа шығарылды. 2020 жылдың күзінде әскерге шақырылған сарбаздар Отан алдындағы борышын адал атқарып, үйлеріне қайтпақ, деп хабарлайды горнизонның баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты биылғы Жолдауында Президент «Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиістігін» атап өткен болатын.

Осындай мақсатпен бір жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырын бойларына сіңірген сарбаздарды шығарып салу рәсімі саптық алаңда салтанатты түрде ұйымдастырылды.

Сарбаздар жауынгерлік дайындықта шыңдалып, әскери мамандықтары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Жауынгерлік дайындық сабақтарын іс жүзінде, оқу-жаттығуларда шеберліктерін көрсете алды.
Шара барысында қызметтік міндеттерін адал орындап, жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген сарбаздарға әскери атақтар мен алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды

– Әскери қызмет маған көп нәрсені үйретті, нағыз артиллерист етіп шыңдады. Бізге басшылық еткен командирлеріміз әскери өмірдің қыр-сырын үйрете білді. Далалық оқу-жаттығуға қатысу, күндізгі және түнгі уақытта қарудан оқ ату жаттығуларын орындау нағыз ел қорғайтын ер жігіт үйренуі қажет тәжірибелер, – деді әскери борышын өтеген ефрейтор Еркебұлан Зарқұмар.

Әскери бөлімнің жеке құрамы арасынан бірқатар офицерлер мен сержанттар сарбаздарды құттықтап, алдағы өмірге сәттілік тіледі.

Жиын соңында гарнизон бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев әскери қызметін өтеу кезінде әр сарбаздың бойында жауынгерлік рух қалыптасқанын, әскери бөлім қабырғасынан үйлеріне аттанатын жауынгерлердің тәрбиелі, шыныққан және төзімді болып жетілгенін айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button