БастыСаясат

Тоқаев ТМД кеңістігінде вакцина паспорттарын өзара мойындау үдерісін тездетуді ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президентінің төрағалығымен бейнебайланыс форматында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Онда Президент пандемияның салдарын еңсерудің маңыздылығына тоқталды.

– ТМД елдері күрделі кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, қажетті көмек беру арқылы бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісін танытты. Осы ретте Ресей маңызды рөл атқарды. Елдеріміз СOVID-19 індетімен күресте, оның ішінде вакцина әзірлеу саласында жақсы тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда халыққа жаппай екпе салу ғана жағдайды түзетуге, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның QazVac вакцинасының жоғары тиімділігі мен QazcoVac-P жаңа препаратының әзірленуі туралы айтып, оның клиникалық сынағы табысты өткеніне, тағы да үш вакцина клиникалық деңгейге дейінгі тестілеу сатысында тұрғанына назар аударды.

Бұл ретте, Президент тығыз ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға және қазақстандық вакциналарды жеткізу мүмкіндігіне тоқталып, ТМД кеңістігінде вакцинация паспорттарын өзара мойындау үдерісін тездетуді ұсынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button