БастыҚоғам

Елордада ерекше қажеттіліктері бар жандарға қандай көмек көрсетіледі?

Бүгінде елордада ерекше қажеттіліктері бар 30 мыңға жуық адам тұрады, олардың 7 мыңнан астамы – 18 жасқа дейінгі балалар. Олар үшін қалада бірқатар қолдау және жан-жақты көмек көрсету шаралары қарастырылған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтанда 29,7 мың мүмкіндігі шектеулі адамның 3 255 – і бірінші мүгедектік тобына, 9 738 – і екінші және 9 707-сі үшінші топқа ие.

Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес 2021 жылы оңалту қызметтерімен 21 мыңнан астам адам қамтылды.

Кресло-арбалармен 787 адам, протездік-ортопедиялық бұйымдармен – 1 723 адам, сурдотехникалық құралдармен – 480 адам, тифлотехникалық құралдармен – 835 адам, міндетті гигиеналық құралдармен – 6 613 адам, санаторий-курорттық емдеумен – 2 973 адам, жеке көмекші қызметтерімен – 2 459 адам қамтамасыз етілді, ымдау тілі маманының көмегін 391 адам алды.

Сонымен қатар, 4 512 адамға стационар, жартылай стационар, үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.

Сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар адамдар «Инватакси» қызметін пайдалана алады, онда бүгінде арбамен жүргендерге, көзі көрмейтін адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы жабдықталған 50 автомашина жұмыс істейді.

Осы жылдың басынан бастап тасымалдаумен 1 869 адам қамтылды, оның ішінде 803 бала.

Сонымен қатар, осы санаттағы адамдарға қалалық жолаушылар көлігі маршруттарында тегін жол жүру, екі жылда бір рет тіс протездеу қызметтері ұсынылады.

Сондай-ақ қатты отын сатып алуға жергілікті(пеш) жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік иелері(жалдаушылары) болып табылатын, басқа тұрғын үйі жоқ ерекше қажеттіліктері бар қала тұрғындары әлеуметтік көмек ала алады. Бұл ретте жан басына шаққандағы орташа табыс 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Өтемақы 16 АЕК немесе жылыту маусымына 46 672 теңгені құрайды. Биыл бұл шаралармен 35 адам қамтылды.

Сонымен қатар, қаланы газдандыру аясында газға қосылуды субсидиялау жүргізілуде.

Оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған мүгедек жандарға дәрі-дәрмек сатып алуға және ақылы медициналық қызмет алуға жылына 13 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Ерекше балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды тоқсан сайын 10 АЕК мөлшерінде өтеу жүргізіледі. Жыл басынан бері осындай көмекпен 466 адам қамтылды.

Елордада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін білікті қызметкерлермен бірге екі заманауи спорт кешені бар.

Оның біріншісі — Ақшоқы көшесі, 2 мекен-жайында орналасқан паралимпиадалық жаттығу орталығы. Орталық мүгедек жандарға толықтай бейімделген. Ішінде жаттығу залы, жекпе-жек залы және көпфункционалды ойын залы бар. Олар парапауэрлифтинг, парадзюдо, паратаэквондо, үстел теннисі, ұлттық спорт түрлері, отырып волейбол ойнау, голбол, бочча, арбамен билеу сияқты спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді.

Екінші нысан – «Тарлан» мұз аренасы (Тұран даңғылы 5/1). Мұнда қалалық хоккей және следж-хоккей командалары айналысады, мүмкіндігі шектеулі адамдар, олардың туыстары мен достары үшін жаппай сырғанау өткізіледі.

Айта кету керек, елордада ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылады, жыл басынан бері жұмысқа орналасуға көмек алғандар саны 604 адамды құрады. Оның ішінде 270 адам тұрақты жұмыс алды, Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде-2, жастар практикасына – 10, әлеуметтік жұмыс орындарына – 19, қоғамдық жұмыстарға – 284, «Бірінші жұмыс орны» жобасы шеңберінде – 1, қысқа мерзімді курстарға – 8. Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 10 мүгедек адамға мемлекеттік гранттар берілді. Оның ішінде киім тігу және қалпына келтіру, гүл салонының жұмысы, полиграфия қызметтері, өнер, спорт, ойын-сауық, демалыс, автосервис қызметтері, жартылай фабрикаттар өндірісіне.

Бұдан басқа, қала ұйымдарында мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыскерлердің тізімдік санының 2-ден 4% – ға дейінгі мөлшерінде жұмыс орындарына квоталар белгіленген. Бүгінде елордада 109 жұмыс берушіден осындай 712 бос жұмыс орны бар.

Айта кету керек, жыл сайын Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін мүгедек адамдар күніне орай мүмкіндігі шектеулі адамдар мен ерекше балаларға 2,5 АЕК немесе 7 293 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай көмек төленеді. Биыл 27 741 адам төлем алды.

Сымбат Төлегенова

Тулегенова Сымбат Тулегеновна родилась 9 марта 2000 года в городе Жезказган, Карагандинская область. Окончила Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева (2017-2021). Специальность - журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button